Ирина Хакамада: өміріңізді өзгертуге 6 кеңес

өміріңізді өзгертуге 6 кеңес Отбасы

Ресейлік қайраткер Ирина Хакамаданы бізде білмейтін жан кемде кем. Ғылым, бизнес, саясат салаларында үлкен табысқа жеткен Хакамада қазір негізінен әйелдерге арналған дәрістер жүргізеді, кітаптар жазады және өз қалауымша өмір сүрудің жолын таптым дейді. Жалпы Ирина Хакамада кейбір басқа бизнес-тренерлер сияқты жылдам ақша табудың жолдарын не бай жігітті құрыққа түсірудің қулықтарын үйретпейді. Ешкім сізге ештеңеге міндетті емес, өз өміріңіз үшін жауапкершілік алыңыз және тек өзіңізге сеніңіз, барлығы өз қолыңызда деп айтады. Өзін ұстазбын деп емес, жай ғана жеке тәжірибемен бөлісушімін деп позициялайды. Сондықтан айтқандарынан тек өзіңізге сәйкес деп тапқан кеңестерді ғана қаперіңізге алуды өтінеді.

Өзіңізге қатысты

  • Әкем әр күнгі таңды жағымды нәрседен бастау керек деп айтып отыратын. Мен күн сайын таңертең әдемі кесеге жаңа қайнатылған кофе құйып аламын да, РБК жаңалықтарын тыңдап отырып ішемін. Бұдан керемет заряд аламын, көңіл-күйім көтеріледі. Барлық кедергілерді оңай жеңетіндей көрінемін. Сіз де осы сияқты бір позитивті рәсімді әдетке айналдырып көріңіз.
  • Басқалар үшін емес, өзіңіз үшін өмір сүріп үйреніңіз. Басты назарға күйеуіңізді, балаларыңызды емес, алдымен өз қызығушылықтарыңызды, өзіңізді жеке тұлға ретінде дамытуды қойыңыз. Одан кейін жанұя және үшінші кезекте хобби тұруы керек. Егер бір мезгілде карьера жасау, отбасы мүшелеріне көңіл бөлу, ақша табу, үй шаруашылығымен айналысу үшін бар күшіңізді жұмсасаңыз, біраз уақыттан кейін қатты шаршаған, ұрысқақ және адуын әйелге айналып кетесіз. Сондықтан арасында күйеуіңізге, тіпті балаларыңызға еркелеп тұрыңыз.
  • Мақсатқа жетудің бар әдісі: оны айқындау, жоспар құру және оны орындау. Істеу керек әр қадамыңызды тізімге жазып, жоспар құрып отырыңыз. Бірақ ылғи темірдей тәртіппен жүру мүмкін емес, арасында қысқа уақыттық үзілістер жасап, демалып тұрыңыз. Ондай кезде ойыңызға жаңа тың идеялар келеді. Сондай-ақ артық стрестен арылу үшін қолмен істейтін нәрселермен шұғылдануға болады (өзім каллиграфиямен айналысамын).
  • Мақсат қойған кезде оның ақырғы нәтижесінен емес, оған жету процесінен ләззат алыңыз. Ол үшін өзіңізге жағымды орта мен көңілді атмосфера орнатыңыз. Мысалы, сурет салып үйренгіңіз келсе, өзіңізге әдемі альбом мен бояулар сатып алыңыз. Шығармашылық пен жұмыс кезінде қолданылатын құралдар – мен үшін қосымша шабыт көзі. iPad пайдалансам, блогтарымды жылдам әрі өткір тілмен жазатындаймын. Ал кітаптарымды тек әдемі қағазға қолмен жазамын, әйтпесе шабытым жоғалатын сияқты.
  • Барлық жағынан идеал болуға тырыспаңыз, ол мүмкін емес те. Барлығына үлгеруге тырысып, бүкіл сабағын озат оқығандар өсе келе жалығып, бұрынғы қуатынан айырылады. Сөйтіп өмірге деген қызығушылығын жоғалтады және өздері де ешкімді қызықтыра алмайтын болады. Сондықтан маңызды мәселелерді ғана назарға алып, қалғандарында орташа болуға тырысыңыз. Үнемі қатаң диетада отырмаңыз, бір апта тартынып тамақтаныңыз да, бір күн бойы қалағаныңызды жеңіз. Осылай организмге артық күш салудың алдын аласыз. Модельдік параметрлерге талпынбаңыз, бар болғаны дене бітіміңіздің әдемі силуэті болса, жетіп жатыр. Бірақ шаш үлгіңіз үнемі жіті назарда болсын.
  • Қай жаста болсаңыз да, өмірге деген құлшынысыңыздан айырылмаңыз және бір кездері армандаған нәрселерден бас тартпаңыз. Мен мотоцикл жүргізіп үйренгім келді, дегеніме жеттім, бірақ бірде аяғымды сындырып алдым, бәрібір үйренгеніме өкінбедім. Ал, Валерия Гай Германиканың «Бақытты өмір сүрудің қысқаша курсы» сериалына түсуге шақырылған кезде, ешқандай актерлік білімім болмаса да, бірден келісе кеттім. Кәсіби актерлермен салыстырғанда, менің жұмысым нағыз әуесқойдікіндей болғанымен, жаңа керемет тәжірибеге ие болғаным үшін қатты қуандым.
arular.kz
Rate author
Қыз-келіншектерге арналған ақпараттық-танымдық сайт