Футбол туралы қыздар білуі тиіс 81 термин

Футбол туралы қыздар білуі тиіс 81 термин Отбасы

Футбол қарайтын қыздар көп. Алайда дәл жігіттердей футбол білімдері мықты болмауы мүмкін. Кей қарапайым нәрселерді жігіттерден сұраған кезде футболи ақылы тасыған жігіттер ренжіп қалуы ықтимал. Сондықтан мына негізгі терминдерді жақсы білген жөн. Біразын жаттап алсаңыз футбол туралы кәсіби мамандардай еркін көсіле алатын боласыз. Айтпақшы, осындағы бір терминді жігіттердің 99 пайызы білмейді. Оны тауып алыңыз 😉

Матч – футбол ойыны.

Стадион — футбол ойыны өтетін спорт кешені.

Трибуна — жанкүйерлер ойын қарай алатын аймақ.

Тайм — ойынның 2 бөлігінің бірі. Әр тайм 45 минуттан тұрады.

Команда — бірнеше футболшыдан құралған спортшылар қауымдастығы.

Ұлттық құрама — бір мемлекеттің түрлі командаларынан жиналған ең үздік ойыншыларынан құралған құрамасы.

Негізгі құрам — ойынға шығатын алғашқы 11  футболшыдан құралған тізім.

Қосалқы құрам — негізгі 11-ге кірмеген футболшылар тізімі.

Бас бапкер — жаттықтырушы ағайлардың бастығы, команда нәтижесіне жауап беруші.

Үзіліс — 1-ші таймнан кейінгі 15 минуттық үзіліс.

Бутса — футболшылардың киетін аяқ киімі.

Гол — доптың қақпа сызығынан ішке өтуі.

Автогол — футболшының өз қақпасына гол салуы. Ондай да болады, күлмеңіз.

Пас — ойыншының допты командаласына аман-есен жеткізу амалы.

Қақпа — тіктөртбұрыш пішінді, 2 баған және бір маңдайшасы бар, темірден жасалған, ақ түсті конструкция. Футболшылар допты осының ішіне кіргізуге тырысады. Стандарт өлшемі: 7,32 х 2,44.

Голкипер (қақпашы) — қарсылас командадан қақпаны қорғап тұратын футболшы, өз алаңында қолмен ойнай алады.

Қорғаушы — артқы шепте тұратын, қақпаны шабуылдардан қорғап тұратын футболшы.

Жартылай қорғаушы – хав, хавбек деп те аталады. Жартылай қорғаушы немесе жартылай шабуылдаушы. Орта шепте ойнайды.

Шабуылшы — алдыңғы шепте ойнайтын футболшы, негізгі жұмысы — гол соғу.

Плеймейкер — команданың миы. Ойын құрушы. Шабуылдарды бастаушы.

Капитан — алаңдағы ойыншылардың ағайы.

Легионер — шетелден келген ойыншы. Әдетте жергілікті футболшылардан қатты ойнайды және көп ақша алады. Күшті, иә?

Ағаш — дым ойнай алмайтын ойыншы.

Тоғыздық – қақпаның жоғарғы 2 бұрышы. Бұл жерге тебілген допты әдетте қақпашылар шығара алмайды. Сондықтан да бұл жерге кірген голдар ерекше мәртебеге ие.

Негізгі уақыт — 90 минут.

Қосымша уақыт — ойынның негізгі уақытына қосылған уақыттар. Ойын кезінде жарақат алу, гол қуанышы, ойыншы алмасуы немесе басқа да түрлі оқиғаларды кесірінен төреші аздап қосымша уақыт қосады.

Экстра-тайм — плей-офф сынды кубок немесе турнирлерде ойын тең аяқталған сәтте төреші 15 минуттан қосымша 2 тайм ойнатады. Бұл сол.

3 ұпай — жеңіске берілетін ұпай саны.

1 ұпай — тең ойынға берілетін ұпай саны.

Турнир кестесі — жарыстағы командалардың ойын, жеңіс, тең ойын, жеңіліс, гол саны және ұпайларын реттік бойынша көрсететін әдемі кесте.

Дриблинг – футболшының допты түрлі маневрлар арқылы өзімен бірге ұзақ қашықтыққа алып жүре алуы. Қазіргі футболда сирек кездессе де кейде болып тұрады.

Финт — футболшының қарсыласын әдемі қимылдар алдап өтуі.

Прессинг — қарсыласқа пас алмасуға немесе жаңа шабуыл жасауға мүмкіндік бермеу амалдары.

Камбэк — ірі есеппен ұтылып жатып ойынды тең аяқтау немесе ұту.

Антифутбол — іш пыстырарлық қызық емес ойын, бір команданың екінші жақты ойнатпауы, өзі де адам құсап ойнамауы.

Трансфер — бір футболшының басқа командаға ауысуы. Жұмыс қой енді ол да, ақшасы аз болады, бастықтармен келіспей қалады, тұрған жері ұнамайды дегендей.

Дерби — бір бірімен бәсекелес көрші командалардың ойыны, әдетте бір қаланың немесе аймақтың қос мықты командасына қатысты айтылады.

Мундиаль — Әлем Чемпионаты. 4 жылда бір өтеді. Әлемнің ең мықты 32 командасы қатысады.

Еуро — Еуропа Чемпионаты. 4 жылда бір өтеді. Тек Еуропа елдері қатысады.

Чемпиондар Лигасы — Еуропаның мықты командалары қатысатын турнир. Әдетте түнгі 00:45-те басталады. Секске шанс жоқ түндер. Тек сейсенбі, сәрсенбі күндері ғана өтеді.

Еуропа Лигасы — Еуропаның ортаңқол командалары жарыстаын турнир. Қызық емес, қарама.

Чемпионат — бірнеше командадан құралған жарыс түрі. Біріншілік деп те аталады.

Лига — чемпионаттағы түрлі ерекшеліктерге байланысты бөлінген топтар. Премьер лига, 1-ші лига, 2-лига деп бөлінеді. Кей елдерде серия, дивизия.

ҚПЛ — Қазақстан чемпионаты.

АПЛ — Англия чемпионаты.

Ла лига — Испания чемпионаты.

Бундеслига — Германия чемпионаты.

Серия А — Италия чемпионаты.

Жолдастық кездесу — ресми ұпай берілмейтін, ешқандай турнирлік күші жоқ, жәй матч түрі. Маусым арасындағы кездесулер спарринг матч деп те аталады.

Офсайд — ойыннан тыс қалу. Пастан бұрын қарсыластың соңғы қорғаушысы мен қақпашысының ортасында тұрып қалу. Түсіндірілуі қиын ұғым. Жігітіңіз оффсайд десе, демек — оффсайд. Келісіңіз.

Жасанды офсайд — ммм, түсіндіру қиын. Өтіп кетіңіз.

Пенальти – 11 метрлік айып добы. Ойын ішінде айып алаңында тәртіп бұзылған жағдайда тебіледі. Кей турнирлерде тең ойыннан кейін екі жақ бес бестен тебеді.

Қабырға – қарсылас айып добын тебер алдында бірнеше ойыншы оның алдында «қабырға» құрып тұрады. Қауіпті сәт, футбол үшін де, еркектер үшін де. Сондықтан еркектер бұттарын қолмен жауып тұрады. Өйткені, доп тисе — жаман ауырады.

Автобус — бір команданың тек қорғаныс амалдарын ғана жасап, өз алаңынан шықпау тактикасын ұстануы.

Тики-така — бидің аты сияқты әдемі естіледі, иә? Бірақ бұл бірнеше қысқа пастардан құралған ойын тактикасының атауы.

Сейв — қақпашының қиын допты алып шығуы, қақпаны голдан аман сақтауы.

Төреші — ойын кезінде ысқырығымен жүгіріп жүретін, ойын ережесін бақылайтын кісі. рефери, арбитр деп те аталады.

Лайнсмен — алаңның 2 жағында доптың кімнен кеткенін, оффсайд жағдайын және гол болып-болмағанын қарайтын кісілер.

Сары қағаз — ескерту қағазы. Тәртіп өрескел бұзылған кезде көрсетіледі. Бір ойын кезінде 2 сары алған ойыншы алаңнан қуылады.

Қызыл қағаз — алаңнан қуу қағазы. Үлкен тәртіпсіздік кезінде төреші футболшыны алаңнан қуады.

Техникалық жеңіліс — команда ойынға келмей қалса, жаппай тәртіп бұзу болған жағдайларда берілетін жеңіліс. 0-3 есебімен жеңілген болып саналады.

Престиж голы — ірі есеппен ұтылып жатқан команданың 1 гол соғуы.

Өлім тобы — бір турнир кезінде бір топта кілең мықтылардан жиналуы.

Фанат — бір командаға қатты берілген бейадекват адамдар. Шамамен Nighty One тобының иглздары сияқты.

Глор (глорихантер) — тек жеңіс кезінде ғана командасын қолдайтын, жеңімпаз жақтың жанкүйері болып шыға келетін адам түрі.

ФИФА — Халықаралық Футбол Федерацияларының Ассоциациясы.

УЕФА — Еуропа Футбол Федерацияларының Ассоциациясы.

Фаворит — ұту ықтималдығы жоғары команда.

Аутсайдер — ұтылу ықтималдығы жоғары команда

Фланг — қаптал, қанат, жан.

Фол — ойын тәртібінің бұзылуы.

Бомбардир — көп гол соққыш футболшы.

Дубль — футболшының бір матчта 2 гол соғуы.

Хет-трик — футболшының бір матчта 3 гол соғуы.

Покер — футболшының бір матчта 4 гол соғуы.

Пента-трик — футболшының бір матчта 5 гол соғуы.

Гекса-трик — футболшының бір матчта 6 гол соғуы. Бұл терминді өзім де жаңа ғана білдім. Жігіттердің көбі білмейді. Мақтануыңызға болады осы терминмен. Жаттап алыңыз: гекса-трик, гекса-трик.

Айып алаңы – қақпаның алдындағы ақпен сызылған алаң. Бұл жерде қақпашы қолмен ойнай алады, бұның сыртында қолына ұстауына болмайды. Қарсылас ойыншы осы алаңға келіп құласа немесе қорғаушылардың бірінің қолына доп тисе — пенальти болады.

Бұрыштама — доптың қорғаушылар немесе қақпашы тарапынан қақпаның 2 жағындағы сызықтан шығып кеткен кезі. Бұндай жағдайда бұрыштағы жалау тұрған жерден қарсылас команда ойыншысы доп тебеді.

Аут  — доптың ойыннан шығып кетуі.

Стандарт — айып добы, пенальти, бұрыштама сияқты допты қауіпті түрде ойынға енгізу.

Қосымша:

Криштиану Роналду — әлемнің ең үздік ойыншысы.

Реал Мадрид — әлемнің ең үздік командасы.

Арнайы арулар үшін Eighty One тобының мүшесі: Аршат Ораз

arular.kz
Rate author
Қыз-келіншектерге арналған ақпараттық-танымдық сайт