Йога – жан мен тәннің үйлесімі

Йога – ағзаның психикалық және физиологиялық қызметтерін басқаруға бағытталған әр алуан практикалардың жиыны.

Соңғы он жылдықтардағы оның әлем бойынша танылуына Шарлиз Терон, Наоми Кэмпбелл, Дита фон Тиз, Ванесса Хадженс, Кейт Бэкинсейл сияқты атақты арулардың жанкүйерлігі септігін тигізбей қоймады. Бүгінде біздің еліміздің әр қаласында йога орталықтарын кездестіруге болады. Жүйке жүйесін тыныштандырып, денеңізді сергітетін, онысымен қоймай сымбатыңызды да арттыратын йоганың көптеген бағыттары бар және көбісі бізге әлі таңсық. Сол себепті йогаға таңдауыңыз түссе, түпкі мақсатыңызға сай өзіңізге қажеттісін жаңылмай табуға көмектесуді жөн көрдік.

СҰЛУ МҮСІНГЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗГІҢІЗ КЕЛСЕ

Йогамен тұрақты түрде айналысу дене бітімін жақсартып, бұлшық еттерді күшейтуге көмектеседі.

Егер қарқынды қозғалысты ұнатсаңыз, асаналар (жаттығудағы позалар) жылдам ауысатын аштанга-виньясуды таңдаңыз.

Тағы бір нұсқа – крийя-йога, мұнда әр поза үшін белгілі бір уақыт аралығы бөлінеді. Жалпы бұл практика біршама қарқынды жүретіндіктен, сізге айтарлықтай салмақ тастауға көмектеседі.

Ал баяу жаттығуларды қаласаңыз, асаналар асықпай әрі ойланып орындалатын классикалық хатха мен Айенгарға назар аударыңыз. Сабақ кезінде бұлшық еттерге айтарлықтай күш түсіп, олардың нығаюына жағдай жасалады. Хатха-йогада тыныс алу практикасы (пранаяма), медитация және арнайы қол жаттығулары (мудра) қолданылады. Ал Айенгар йогасында дененің дұрыс қалпына баса назар аударылады, осының арқасында тән үйлесімді дамып, анатомиялық тұрғыдан мінсіз пішінге ие болады.

ЖАҚСЫ КӨҢІЛ-КҮЙДІ ҚАЛАСАҢЫЗ

 Егер баяу әрі тыныштандыратын жаттығулар ұнаса, йога-нидра сабағына барып көріңіз. Қатысушылар шавасана (шалқасынан жату) позасында жаттықтырушының нұсқауымен өз тыныс алуларын және сезімдерін қадағалайды, назарларын дененің әр бөліктеріне бағыттайды. Бұл пранаяма техникасын жақсырақ меңгеріп, күйзелісті жеңуге көмектеседі.

Денедегі күйзелісті кетіруге шивананда-йоганың да көмегі зор. Ол йогаға жаңадан келгендер үшін жақсы бастама бола алады. Мұнда тек он екі асана ғана орындалады және негізінен релаксацияға көңіл бөлінеді.

Ал бойыңыздағы күш-қуатыңызды арттырғыңыз келсе, сіз үшін ең дұрысы кундалини болмақ. Оның мақсаты – ағзаның ішкі ресурстарын ояту. Сабақ барысында адамның қуат орталықтарын ашуға бағытталған тыныс алу жаттығулары мен асаналар орындалады.

Пікірлер

Пікір жазыңыз

Ваш e-mail не будет опубликован.

Мына мақалалар да ұнап қалар?