Тері қартаюының 6 белгісі

Өзіңізді айнадан күнделікті көресіз. Еш өзгеріссіз. Бірақ 5 жыл бұрынғы суретке қарап өзгерістер болғанын байқайсыз.

Əлеуметтік желідегі суреттеріңіздің астындағы комменттерге сенбеңіз. Олар я байқамайды, я ренжіткісі келмейді. Біздің теріміз бəрібір қартаяды. Сонымен өзіңізге мұқият қараңыз. Таңда да емес, түнде де емес. Дəл қазір. Себебі таңертең бетіңіз тынығып, əжімдер көрінбеуі мүмкін. Ал түнге қарай күндізгі шаршау, косметика іздері бетіңізде қалады.

Əжім қолдар. Біздің қолдарымыз ең көп қиянат көріп, күтім көрмейтін мүшеміз. Үй шаруасы кезіндегі химия, ыстық-суық əсерлері, аязда қолғапсыз жүру (қыс бойы өзім де қолғапсыз көп жүрдім), ауыр жүкті көтеру, қайта-қайта қол жуып теріні құрғату, мұның бəрінің орнын толтырып күтесіз бе? Күтім жасалмаған қолдар жасыңызды жасырмайды. Қолыңызды бетіңіздің тұсына қойып қарап көріңізші.

Сара Джесика Паркердікі сияқты емес деп үміттенем

Көз айналасындағы əжімдер. Көру қабілетінің нашарлауы (көрінбесе көзді сығырайта қарау рефлекс), көз айналасындағы терінің жұқалығы, ұйқысыз түндер, сапасыз косметика басты себепкерлер. Жо-жоқ, көз айналасында ұсақ əдімдер 25-жастан бастап та пайда болады. Біздің іздейтініміз терең əжімдер мен қабақтың салбырауы. Жас келген сайын қабағыңыз түсіңкірей бастайды. Көз айналасына арналған креммен бұл проблеманы шешуге болады. Сəл кейінірек көз айналасына арналған массаж туралы жазамын. Əзірге бұл аймақта қан айналымын жақсартатын процедуралар жасаңыз. Мысалы көк шай компресстері, антиэйдж кремдер, AHA қышқылдар, гилаурон қышқылдары бар эссенциялар.

Терінің түсі. Бетіңізде тоналды крем жоқ кезде теріңіздің түсіне назар салыңыз. Білегіңіздің ішкі жағын бетіңізге жақындатып қараңыз. Тері түсінің айырмасы бар ма? Жас кезінде адамның беті албырап, сəл қызарып жарқырап тұрады. Ал жыл өткен сайын бозарып, сұрланып түсі өзгере бастайды. Кеше түнде жақсы қыдырғаныңыз не түні бойы көз ілмей жұмыс жасағаныңыз сіздің бозғыл тартқан жүзіңізден көрінеді. Денеңізге де зер салыңыз. Кішкентай кезіңізде күнге қап-қара болып күйетінсіз. Ал күздің соңына қарай денеңіздегі күн күйдірген іздер із-түсіз жоғалатын еді ғой. Қазір ше? Жазда киген босоножка, футболка, купальниктің ізі əлі де байқалса, теріңіздің жаңару процесі баяулады деп біліңіз. Енді жазда күннен қорғайтын кремсіз шықпағайсыз.

Мойындағы сызықтар. Мойныңызды созып басыңызды тік ұстаңыз (шалқайтпаңыз). Көлденең сызықтарды байқадыңыз ба? Жоқ болса, тамаша. Ал байқасаңыз, ертерек əрекет етіңіз. Мойын ең көп қозғалатын бөлік. Əжімнің тез пайда болуы да түсінікті. Сондықтан бетіңізге крем жаққанда мойныңызды ұмытпаңыз. Егер сыщықтар терең əрі көп болмаса (1-2)күнделікті антиэйдж крем жағу, лифтинг массаждар жағдайды түзете алуы мүмкін. Ал терең əжім болса проблеманы плазмолифтинг, ультрадыбыстық лифтинг пен филлерлер шешеді.

Құрғақ ерін. Ерніңізде əжім бар ма? Ерніңіз жұқара түсті ме? Жылдар өте тері коллагенін жоғалтып, бүрісе түседі. Қалай тежеуге болады? Ерніңізді жалау, тістеу, қысу дағдысынан құтылыңыз. Ерінге жағылған помаданың кешке ізі қалмайды. Бірақ ол біздің көзімізге солай көрінеді. Косметиканың қалдықтарын кетіргенде ерінді де ұмытпаңыз. Саусақтың ұшына бал жағып, ерніңізді уқалаңыз. Бұл табиғи скраб. Түнде ерніңізге қарапайым сұйық май, Е витаминін жағыңыз.

Мимикалық əжімдер. Қасыңыздың ортасында, маңдайыңыздың үстінде, ерін мен бұрын айналасында əжімдер байқала ма? Бұл əжімдер сіздің күлегеш, ашушаң, ойшыл, тағы да басқа қасиеттеріңізді емес, жасыңызды білдіреді. Əйтпесе бала кезіңізде аз күлдім не ашуландым деп айта аласыз ба? Бұл кеңес ерсі көрінуі мүмкін. Алайда айнаға қарап мейлінше теріге салмақ түсірмей, əжім салмай күлуге, сөйлеуге, эмоцияңызды білдіруге үйреніңіз. Əрине, кремдер, сарысу, эссенциялар жар болсын!

Comments

Leave a comment

Your email address will not be published. Required fields are marked *

Мына мақалалар да ұнап қалар?