Қаржыны дұрыс жұмсаудың алты алтын ережесі

Мектеп қабырғасында да, жоғарғы оқу орнында да бізді ешкім қаржыны дұрыс жұмсауға үйретпейді. Қаржы өмірдегі басты мақсат емес, дей тұра жақсы өмір сүрудің ең қажетті құралы екені анық. Сондықтан қаржылық тәуелділікке түсіп қалмас үшін біз Сіздерге ақшаны дұрыс пайдаланудың алты алтын ережесін ұсынамыз.

Шығыныңыз табысыңыздан аз болсын

Қаржыны дұрыс пайдаланудың бірден бір ережесі бар болса, ол – Сіз жұмсайтын ақша мөлшері табатың ақшаңыздан асып түспеуі керек. Осы бірінші алтын ережені өзіңізге міндет көріңіз.

Бұл жерде шығындарға несие бойынша төлемдер, коммуналдық төлемдер, азық-түлік пен балабақша төлемдері, және т.б. кіреді. Осы басты ережені сақтамасаңыз, басқа кеңестердің сізге көмегі тиетіні екі талай.

Әрбір тапқан ақшаның бір бөлігін жинап отырыңыз

Әдетте, әрбір табыстың  небары 10% — 15% депозитке салып тұрсаңыз да, жылдың соңында қомақты ақша жиналып қалады. Бұл бірінші ережеге сәйкес келеді. Себебі белгілі бір уақыт аралығында Сізде тұрақты резевр қалыптасады.

Қаржыларыңызды бір қалыпқа келтіріңіз

Несие мен несие карточкалары неғұрлым көп болса, ақшаның қайда кетіп жатқанын қадағалау да соғұрлым қиындай түседі. Таң қалмаңыз, бірақ ақша сақтауға арналған депозиттер мен есепшоттардың саны да қаражатты қадағалауды қиындатады. Сондықтан, барлық карточкалар, несиелер, депозиттер мен есепшоттарыңызды тағы бір рет тексеріп, артықтарын біріктіруге, не болмаса жауып тастауға тырысыңыз.

Болашақтағы табысқа сенбеңіз

Қаржы қадағалаудың ең қу жауы – өзіңіз. Әсіресе «болашақ мен» және сол «болашақтағы менің табысым». Әрине, қиялдай алған жақсы. Себебі «болашақ мен» ертең жалақысы миллион болатын жұмыс табады, жолда келе жатып, кенеттен байып кетуге көмектесетін ақша тауып алады, не болмаса, жоғары лауазымға ие болады. Бірақ бір нәрсені ұмытпаңыз – «болашақ мен» болашақта қазіргіден де аз ақша табуы мүмкін.

Жеке бюджетіңізді қадағалаңыз

Оған арналған бағдарламалар қазір өте көп. Оларды ұялы телефонға не болмаса жеке компьютеріңізге жүктеп алсаңыз болады. Не болмаса, қарапайым Excel бағдарламасын қолданса болады. Екі баған жеткілікті: бірі – кірістеріңіз, екіншісі – шығыстарыңыз. Ең бастысы, уақытылы толтырып тұрсаңыз болды. Айдың соңында ақшаның қандай мөлшері керек нәрсеге, қанша ақша керек емес нәрсеге кеткенін көретін боласыз.

Коммуналды төлемдерді мұқият тексеріңіз

Көп жағдайда біз түбіртектегі 500 тенгеден аспайтын сандарды байқамаймыз. Әдетте олардың арасына сіз мүлдем пайдаланбайтын радио, қоқыс шығару, баяғыда істен шығып кеткен байқау камерасының төлемі сияқты төлемдер қосылады. Санап келгенде жылдың соңында артық төлеген ақшаның мөлшері Сізді таң қалдыру мүмкін.

comode.kz

Пікірлер

Пікір жазыңыз

Ваш e-mail не будет опубликован.

Мына мақалалар да ұнап қалар?