Парфюм таңдай білесіз бе?

Иіссуды таңдау өнер. Ал оны пайдалану шеберлік. Коко Шанель іссуды әйелдің келе жатқанынан хабар беретін, ал кеткенде оны еске салатын, көзге көрінбейтін, бірақ естен тандыратын аксессуар деп санайды. Иіссуды киіммен теңеген де осы мадам. Сонымен, иіссуды қалай таңдау қажет?

  • Парфюмды түске дейін таңдаған жөн. Себебі таңғы сағаттарда біздің иіс сезу рецепторларымыз сезімтал болады. Кешке қарай иіс сезу қабілетіміз нашарлай түседі.
  • Иіс сезу қабілетіне етеккір циклі де әсер етеді. Менструалды циклден бірнеше күн бұрын ең қолайлы кез. Ал дәл сол күндері иіссу таңдамағаныңыз жөн.
  • Парфюм таңдауға баратын күні иіссу, дезодарант және хош иісті басқа да құралдарды пайдаланбауға тырысыңыз.
  • Парфюмды, әлбетте, базардан, вокзалдан, инстаграммнан емес, репутациясы жақсы арнайы дүкендерден, бутиктерден алыңыз.
  • Мамандар бір жолы тек 3-4 парфюм иіскеуді ұсынады. Одан көп иісті сіздің рецепторларыңыз қабылдай алмайды. Әдетте парфюмерия дүкендерінде кофе дәндері бар құтылар тұрады. Олар мұрыныңыздың иіске сезімталдығын қалпына келтіру үшін қажет. Әр иістен соң кофе жұпарын ішке тартыңыз.
  • Барлық иіссуды білезік тұсына себуге тырыспаңыз. Алдымен иісті сынау үшін қағаз жолақтарға себіңіз. Теріңізге ең ұнады деген парфюмды ғана жағыңыз. Иістің ұнауы бірінші мәселе, енді ол сізге қонып, ашылуы тиіс.

Парфюм иісі үш кезеңге бөлінеді: бастапқы, орташа (негізгі) және қалдық. Парфюм иісін қақпағындағы иісіне бола бағалау қателік. Теріге қонған жұпар тек  15-20 минуттан соң ғана ашылады. Осы иіс негізгі болып саналады. Бұл иіс парфюм тұрақтылығына байланысты 20-25 сағат тұруы мүмкін. Осы уақыт аралығында иіс құбылып, жоғарғы, орта, төменгі ноталарын ашады. Одан кейінгі 10-15 сағатта білінер білінбес дәмі ғана қалады. Егер осы үш кезеңде де иіс ұнаса, сатып алуыңызға болады.  Профессор-парфюмер Роже Дов айтқандай, «хош иісті таңдау нақсүйерді таңдаумен пара­-пар. Бір біріңізге сай келетініңізді тек түнді бірге өткізген соң ғана білесіз». Егер ертеңіне теріңізде қалған иіс ұнамды болса ғана парфюмды сатып алуыңызға болады.

Айтпақшы, парфюмды қалай қолданасыз? Оны таза, құрғақ теріге жаққан жөн. Әсіресе теріңіздің ең нәзік жерлеріне – білезік тұсына, құлақтың төменгі жағына, желке ойығына, кеуденің астына қарай жағуға болады. Иіссуды киімге сеппеген жөн, себебі жұпар тек теріде ғана ашылады, оның үстіне киіміңізде дақ қалдырауы мүмкін. Эсте Лаудер иіссуды ауаға сеуіп, хош иіс тұманына сүңгіп алыңыз деп кеңес береді. Ал Коко Шанель қай жеріңізді сүйгенін қаласаңыз, сол тұсыңызға жағыңыз дейді.

2 комментария

  1. Мадина 05.10.2016 at 23:21

    Жаксы макала!

  2. Гүлзира 06.10.2016 at 11:01

    керек кеңес екен.

Пікір жазыңыз

Ваш e-mail не будет опубликован.

Мына мақалалар да ұнап қалар?