Нормкор стилі

Киім-кешек бұл сән ғана емес, бұл мәденит, тіпті саясат және экономика.  Сән тарихына көз салсақ, киім кию үлгісінен сол дәуірдің экономикалық жағдайы айқын сезіледі. Осыдан 10 жыл бұрынғы молшылық заманында гламур стилі үстемдік етсе, одан кейін іле-шала винтажды қайта тірілткен эстет сәнқой хипстерлердің дәурені басталды.

Алайда соңғы жылдардағы экономикалық тұрақсыздық пен дағдарыс кезінде жұртшылықтың бұрынғы жылтырақ даңғазалықтан бас тартуына тура келді. Бұл заңды да еді. Елден ерекшелену үшін үлде мен бүлдеге орану енді тиімсіз болды әрі қалтаға да ауыр тиді. Біртіндеп басқалармен бірдей киіну трендке айнала бастады. Ендігі жаңа сән – қарапайымдылық. Ақылды болсаң, саналы тұтыну мәдениетін қалыптастырып, үнемшілдікпен өмір сүресің.

Соңғы 2-3 жылдың ішінде әлемді жаулап алған нормкор стилінің пайда болу тарихы, міне, осындай. Нормкор дегеніміз – сәндегі демократия мен тәуелсіздік. Бұрынғыдай мода журналдарын ақтарып, қалай өзгеше көрінсем екен деп қымбат киім мен аксессуарларға бар ақшаны шашу келмеске кетті. Бүгінде киім ыңғайлы, қонымды әрі арзан болуы керек. «Қалай әдемі көрінемін?», «Не киемін?» деп басыңды қатырмайсың, ұзақ дайындалып уақытыңды текке кетірмейсің. Одан да пайдалы іспен шұғылданасың, спортпен айналысып, денсаулық пен табиғи сұлулықты сақтауға көбірек көңіл бөлесің. Бұрынғыдай сұлулық үшін жайлылықты құрбан ету артта қалды. Айрықша сән қумай, қарапайым нәрселерден ләззат алу — басты назарда.

Дегенмен ешкімнен ерекшеленбей киінудің де өз ерекшеліктері бар:

— унисекс элементтері. Бұл стиль ерлерге де, әйелдерге жарасымды.

— қарапайым силуэт.
— байсалды түстер гаммасы: ақ, қара, сұр, қоңыр, көк, көгілдір.

— әшекейлердегі минимализм

— көздің жауын алатын суреттері мен бедерлері жоқ қарапайым материалдар

normcore-dressing

Нормкор стиліндегі гардероб:
  • Джинса шалбарлар (классика немесе кең балақты);
  • Ең негізгі түстегі футболкалар мен майкалар;
  • Жейделер (деним немесе тор көзді);
  • Водолазкалар;
  • Толстовкалар;
  • Спорттық шалбар;
  • Унисекс аяқ киім (кроссовкалар, кеды, сандали);
  • Пуловерлер;
  • Ұзын курткалар;
  • Бейсболкалар, панамалар.

 

Қызықты дерек: нормкордың атасы Стив Джобс саналады.  Ол аталмыш стильдің нағыз үлгісі болған: үстінен қара водолазка, New Balance кроссовкалары мен Levi’s 501 джинсасы түспейтін. Тіпті бірден алдын ала жүз шақты данадан сатып алатын болған.

 

 

Пікірлер

Пікір жазыңыз

Ваш e-mail не будет опубликован.

Мына мақалалар да ұнап қалар?