Селебрити сөздігі

Соңғы уақытта барлығы трендте болуы тиіс сияқты. Киетін киім, қарайтын кино, ішетін ас, тіпті баратын мейрамхана тренд болуы тиіс деп санайды селебрити. Сондай орталарда қысылмай, емін-еркін әңгімелесуіңіз үшін қысқаша сөздік дайындап, тақырыптар бойынша ұсынып отырмыз.

ӨНЕР, ӘДЕБИЕТ, КИНО:

Байопик  (ағ. «biographical» және «picture» – «биографиялық» және «кескін») – биографиялық фильмдер. Байопиктің басқа фильмдерден ерекшелігі – оның деректі және көркем фильмдерді ұштастыруында.

Бокс-офис — (ағ. «box office» — «билетшінің будкасы») — фильмнің кассалық кірісі. Кинотеатрларда сатылған билеттерден түсетін пайданы білдіреді.

Инсталляция (ағ. «installation») — қазіргі заман өнерінің формасы; түрлі элементтерден тұратын және бүтін көркемөнер туындысын құрайтын композиция.

Контемпорари – арт (ағ. «contemporary art» – «қазіргі заманғы өнер») – ХХ ғасырдың екінші жартысында қалыптасқан көркемөнер практикаларының жиынтығы.

Мейнстрим (ағ. «mainstream» — «негізгі ағым») — белгілі бір кезеңде қандай да бір саладағы (ғылыми, мәдени) негізгі бағыт. Көбінесе көпшілік арасында арасында танымал және жаппай сұранысқа ие үрдістерді білдіру үшін қолданылады. Аз ғана адамдарға белгілі андеграунд, артхаус, элитарлық бағыттарға қарама-қарсы мағынаны білдіреді.

Нон-фикшн (ағ. «non-fiction» – «ойдан шығарылмаған»)  – сюжеті болған оқиғаларға негізделген айрықша әдеби жанр. Бұл жанрға көбіне әйгілі адамдардың өмірбаяны, қандай да бір оқиғалардың тарихы, елдердің сипаттамалары, адамдардың психологиялық портреттері жатады.

Спин-офф –  (ағ. «spin-off» — «жарнамалау») —  бұрыннан бар белгілі туындыда (кітап, фильм, компьютерлік ойын, комикс) қосалқы рөл атқарған кейіпкерлер, жанама оқиғалар мен тақырыптардың танымалдығын пайдалана отырып шығарылған көркем туынды. Басқаша айтқанда, спин-офф бастапқы туындыда негізгі емес, қосымша элементтерге ерекше назар аударады. Белгілі кейіпкерлермен таныс аудитория спин-оффты мүлдем жаңа туындыға қарағанда жылырақ қабылдайды деп болжанады.

«Спойлер (ағ. «spoil» — бүлдіру, құрту) — кинода, компьютерлік ойындарда, әдебиетте — туындының сюжетін әлдекімнің толық не ішінара алдын ала әдейі не байқауызда жария етуі. Бұл авторлардың алдын ала ойластырған интригасын құртады, туындының қызығын кетіреді әрі оқырманның (ойыншының, көрерменнің) аталған эпизодтарды өз бетінше сезінуіне, одан толыққанды ләззат алуына кедергі келтіреді.

Тизер (ағ. «teaser» — «мазақтау») – жұмбақ түрінде құрылған жарнамалық хабар, мұнда өнім туралы ақпарат бөлігі берілгенімен, тауардың өзі көрсетілмейді. Әдетте тизер тауарды жарнамалаудың бастапқы кезеңінде шығарылады және қоғамда оған қатысты интрига тудыру үшін қызмет етеді.

Трейлер (ағ. «trailer») – фильмнің ең қызықты сәттерінен тұратын қысқа бейнеролик; ол фильмді жариялау не алдын ала жарнамалау үшін қолданылады.

Шоурум (ағ. «show room» – «көрсетуге арналған бөлме») — қарапайым тілмен айтқанда, «демонстрациялық зал».

Фотосет (ағ. «photo set») — фотосессияда түсірілген фотосуреттер сериясы.

 

БИЗНЕС:

«Аутлет» (ағ. «outlet» — “сауда нүктесі”) — әдетте алдыңғы маусымнан қалған фирмалық қымбат киімдер, аяқ киімдер, сөмкелер мен аксессуарлар 30-70% жеңілдікпен сатылатын дүкен.

Аутсорсинг — (ағ. «outsourcing» – сыртқы көздерді және/не ресурстарды қолдану) — ұйымның келісім-шарт негізінде белгілі бір өндірістік қызмет функцияларын тиісті саладағы басқа компанияға жүктеуі.

Бренд-амбассадор (ағ. «brand ambassador» – «бренд елшісі») – нақты брендті мақсатты аудиторияға ұсынушы маман. Оның негізгі қызметіне сәйкес бренд атынан зайырлы қоғамдағы кештерге, іс-шараларға қатысу жатады.

Вендинг (ағ. «vending») – автоматты жүйелер (сауда автоматтары) арқылы тауарлар мен қызметтерді сату.

Дедлайн (ағ. «deadline») – тапсырма орындалып бітуі қажет соңғы мерзім (күн не сағат).

Драфт (ағ. «draft») — жобаны, жұмыс құжатын, аяқталмаған жоба жазбаны (черновик) білдіреді.

Коворкинг (ағ. «co-working» – «бірге жұмыс істеу») — үлкен кеңсені жалдағысы келмейтін, бірақ жұмыс орнын қажет ететін фрилансерлер мен жеке кәсіпкерлерге ыңғайлы кеңсе жұмысының форматы.

Корнер (ағ. «corner» — «бұрыш»)  – көп мультибрендті дүкендегі қандай да бір бренд ұсынылған сауда орны. Әдетте мұнда тек бір желінің тауарлары шектеулі түрде ұсынылады. Корнерлер ірі әмбебап дүкендерде (мысалы, Нью-Йоркте Macy’s, Лондонда Harrods, Парижде Galeries Lafayette, Берлинде KaDeWe) болады.

Коуч (ағ. «coach») – тренер.

Краудфандинг – (халықтық қаржыландыру, ағ. «сrowd funding», «сrowd» — «тобыр», «funding» — «қаржыландыру») — басқа адамдардың не ұйымдардың (реципиент) жобасына қолдау ретінде адамдардың (донорлар) ерікті түрде ақшаны не басқа ресурсты ұжымдық жинау әрекеті, әдетте интернет арқылы жүргізіледі.

Лоукостер (ағ. «low-cost carrier», «low-cost airline» «арзан бағамен тасымалдаушы») – жолаушыларға шектеулі қызмет түрлерін көрсете отырып, аса төмен бағамен ұшу мүмкіндігін ұсынатын әуе компаниясы.

Продакт-плейсмент (ағ. «product placement» – «өнімді орналастыру») – шынайы өмірде бар бренд элементтері фильмдерде, клиптерде, кітаптарда реквизит ретінде қолданылатын жасырын жарнама әдісі;

Слоган (ағ. «slogan») – жарнама ақпараты қысқа-нұсқа етіп берілген жарнамалық ұран (девиз).

Стартап (ағ. «start-up» – «іске қосу»), стартап-компания – әлі нарыққа шығып үлгермеген немесе енді ғана шыққан (сондай-ақ шектеулі ресурстарды пайдаланатын) инновациялар саласында бизнес жүргізетін жаңадан ашылған компания.

«Сток-дүкендер» (ағ. «stock» — «қор») арнайы киім және аяқ киім дүкендерінде өткен маусымның коллекцияларынан қалып қойған қоймадағы тауарды жеңілдікпен сату.

Франчайзи – сауда маркасының атынан бизнесті жүргізуге (франшиза), оқыту мүмкіндігін және франчайзерден (франшиза беруші) бизнес барысында көмек алу құқығын сатып алатын компания. Ол тауар белгісін, ноу-хауды және франчайзер жұмысын жүргізу үшін қызметтік ақыны (роялти) төлейді.

Фандрайзинг (ағ. «fund rising» – «қор жинау») –  әдетте кіріс табудан өзге (ғылыми, қайырымдылық) мақсаттарға көмек ретінде көпшіліктің ерікті түрде қаржы жинауы.

Event-агенттік (ағ. «event» – «оқиға», «іс-шара») – іс-шараларды (мерекелер, корпоративтік кештер, тойлар, туған күндер) ұйымдастырумен айналысатын ұйым.

 

ҚОҒАМДЫҚ ӨМІР:

Аккаунт (ағ. «account» – «есептік жазба»)пайдаланушы сайтқа тіркелу үшін толтыратын интернет-«төлқұжат».

Инфографика — бір блокта біріктірілген кескіндер, мәтіндер, сандық мәндер. Кейде бұл ақпаратты оңайырақ қабылдауға көмектеседі.

Интерактив (ағ. «interaction» – «өзара әрекеттестік») –
оқырмандардың не көрермендердің сайттың, блогтың, теле/радио бағдарлама авторларымен және жүргізушілерімен диалог жүргізу, ақпарат алмасу және өзара әрекеттестік ету процесі;

Мессидж (ағ. «message») – хабар, үндеу.

Тренд (ағ. «trend») – белгілі бір саладағы үрдіс, ағым, тенденция.

Фейспалм (ағ. «face» және «palm» – «бет» және «алақан») – күдер үзушілік пен ыңғайсыздық сезінудің белгісі ретінде бетті қолмен жабу. Мұндай суреттер әсересе интернет-талқылауларда жиі қолданылады.

Фэйк (ағ. «fake» — «жалған») – жалған аккаунт; жалған көшірме.

Чекин жасау [(ағылшын «check in» — тіркеу) — смартфон арқылы әлеуметтік желіде географиялық орынды белгілеу.

Хедлайнер (ағ. «headliner», head-liner) – белгілі бір іс-шараға қатысушы айрықша танымал адам. Көпшіліктің назарын аудару үшін оның аты афишаларда арнайы жазылады.

Live (ағ. «тікелей») – тікелей; тікелей эфирде.

 

ӘЛЕУМЕТТІК ӨМІР:

Бэкграунд (ағ. «background») – адамның өміріне, біліміне, тәжірибесіне, кәсіби және интеллектуалды деңгейіне қатысты барлық деректер;

«Дауншифтинг (ағ. «downshifting» – қандай да бір процесті баялату) — жалпы қабылданған материалдық капиталды ұдайы арттырып отыру мақсатынан бас тартып,  өзі үшін не балалар үшін өмір сүруді білдіретін философия.

Инсайдер (ағ. «insider») – көпшілікке белгісіз не жасырын ақпаратқа ие топтың мүшесі. БАҚ-та бұл термин қандай да «бір белгілі тұлғаның қыр-сырын білетін, оның жақын адамы» мағынасында да қолданылады.

Лайфстайл (ағ. «life style») – өмір салты.

«Ньюсмейкер» (ағ. «news maker» – «жаңалық жасаушы») – қызметі мен өмірі БАҚ тарапынан қызығушылық тудыратын тұлға. Әдетте журналистер оның ағымдағы қызметін, оның жағдайын, жеке өмірін бақылап отырады. Мұндай адамдарға басшылар, саясаткерлер, әртістер, т.б. белгілі адамдар жатады.

Селебрити (ағ. «celebrity») – өз саласында жетістікке жеткен, қоғамда танымал және БАҚ-ң қызығушылығына ие адам. Көбінесе өнер адамдарына, спортшыларға және ойын-сауық саласының өкілдеріне қатысты қолданылады.

Селф-мейд (ағ. «self-made» –  «өзін жасап шығарған») – өз бетінше жетістікке жеткен адам.

Фрилансер (ағ. «freelancer») –  бір уақытта әр түрлі клиенттердің тапсырысын орындай алатын тәуелсіз қызметкер, жеке маман.

Фрик (ағ. «freak» – кеміс) – ашық түсті әрі үлкен өлшемді костюмді клуб бишілері. Бүгінде бұл термин дәстүрлі қоғам үшін мүлдем түсініксіз әрі басқаша киінетін адамдарды сипаттау үшін қолданылады. Фриктердің жүріс-тұрысы қалыптасқан қоғамдық нормаларға сай келмейді.

Хипстер (ағ. «to be hip» – «заманнан қалыс қалмау») – АҚШ-та 1940 жылдары пайда болған субмәдениет. Қазіргі заман хипстерлері 2008 жылдан кейін пайда болды және олар инди-рокты, артхаус фильмдерді, қазіргі заманғы өнерді ұнататын жастар ретінде сипатталады.

IT-girl –  әдетте атқарған қызметіне не жетістіктеріне байланысты емес, БАҚ-тың (көбінесе сары баспасөз) өзіне деген қызығушылығының арқасында кең танымал болған сұлу (сұлу болмауы да мүмкін) жас бойжеткен.

 

Пікірлер

Пікір жазыңыз

Ваш e-mail не будет опубликован.

Мына мақалалар да ұнап қалар?