Қыс мезгіліндегі шаш күтімі

«Шаш – адамның көркі» десек те, қыста бөрік пен орамалдың астында жасырулы шашымызға аса мән бере бермейміз. Ал шын мәнінде бұл маусымда шаш ерекше күтімге зәру болатынын ескеріңіз.

Бұл кездегі аязды күннің, жылытылатын бөлмедегі құрғақ ауаның, тіпті бас киімнің де шашыңызға жағымды әсері бола қоймайды. Бұған осы маусымдағы витаминдердің жетіспеушілігін де қосып қойыңыз. Сондықтан шашыңыздың сау әрі әдемі күйін сақтау үшін оған арнайы күтім көрсеткеніңіз жөн.

  • Витаминдер қабылдаңыз. Поливитаминдер кешенін немесе шаш пен тырнақтарға арналған препараттарды таңдап алыңыз. Ағзамыз қыс мезгілінде әсіресе омега-3 май қышқылдары, протеиндер, кальций, мырыш, витаминдер мен микроэлементтер сияқты пайдалы заттарға зәру болады. Бұлар майлы балық, сәбіз, бұршақ, жаңғақ (бразилиялық, грек, бадам жаңғағы; кешью), құс еті, жұмыртқа, сүт өнімдерінде көптеп кездеседі.
  • Шаш түбіндегі қан айналымын жақсартыңыз. Қыс кезінде суықтың әсерінен қан тамырлары тарылып, бас терісіне қажетті заттар жеткізілмейді. Осылай шаш түбінен әлсіреп, түсе бастайды. Мұның алдын алу үшін трихологтар аптасына бірнеше рет бас терісіне, сондай-ақ мойын омыртқасына массаж жасап тұруға кеңес береді. Сән салондарында қан айналымын жақсарту процедуралары үшін арнайы қондырмалы дарсонваль құралы, сондай-ақ лазер тарақ қолданылады.
  • Бас терісі мен шашты ылғалдандырып тұрыңыз. Көбірек таза не минералды су ішіңіз. Ауа ылғалдандырғышының да пайдасы мол. Ең алдымен қарқынды ылғалдандыруға арналған маска (шашыңыздың типіне қарай), бальзам және кондиционерлер сияқты құралдарды пайдаланыңыз. Londa, Moltobene, Paul Mitchell, Wella, Weleda сияқты маркалардың қыс мезгілінде күтім көрсетуге арналған өнімдер сериясы бар.
  • Шаш күтіміне арналған құралдарды ауыстырыңыз. Қыс мезгілінде шаш құрғайтынына байланысты, бұрын пайдаланып жүрген құралдар енді сізге кері әсерін тигізуі мүмкін. Әдетте бұл кезде шаштың түбі майлы, ал ұшы құрғақ болады. Сондықтан pH деңгейі бейтарап (5,5), барынша жұмсақ, құрамында бояғыш заттар, парабендер мен силикондар жоқ шампуньді қолданыңыз. Шаштың майлануын азайту үшін оны жылы сумен жуыңыз.
  • Аптасына бірнеше рет нәрлі әрі қалпына келтіруші маскаларды жағыңыз. Олардың құрамында В1, В5, В6 и F, гликолипидтер, фосфолипидтер, эфир майлары, протеиндер, амин қышқылдары болуы керек. Масканы суланған, бірақ жақсылап сығылған шашқа жағып, пленкамен қаптаңыз да, жылы сүлгімен орап қойыңыз. Кемінде 15 минут, лажы болса, одан ұзағырақ ұстаңыз.
  • Шаюды қажет етпейтін сарысуларды пайдаланыңыз. Сарысулар (сыворотка) шашқа қажетті белсенді құрамдастарға бай әрі өте жылдам әсер етеді. Олар шашты аяздан және құрғаудан қорғайды. Оны нұсқаулығында көрсетілгеннен асыра пайдаланбаңыз, әдетте 1-2 тамшысы да жетеді.
  • Бас терісін қайызғақтан қорғап, иммунитетті күшейтіңіз. Температураның күрт өзгеруі мен тар бас киімді ұзақ киіп жүру әсерінен бас терісі құрғап, тітіркенеді және үстіңгі қабаты қабыршақтала бастайды. Ал иммунитеттің әлсіреуі түрлі бактериялардың күшеюіне әкеледі. Құрғақ қайызғақ болған жағдайда зақымданған шаштарға арналған шампунь пайдаланыңыз. Антибактериялық әсерге ие шай ағашының маскасы қайызғақпен тиімді күреседі. Зәйтүн, кастор, ошаған, кокос, бадам, жожоба майынан жасалған маскалар да жақсы нәтиже береді. Ал табиғи құралдар майлы қайызғақты азайта алмаса, дерматологпен кеңесіңіз. Сізге арнайы дерматологиялық шампуньдер қажет болуы мүмкін.
  • Қысқы бас киімді дұрыс таңдаңыз.  Жүн немесе тері сияқты табиғи материалдардан жасалғандарын таңдаңыз. Синтетикалық мата жылуды сақтамайды, ылғалды сіңірмейді, бұған қоса бас терісінің демалуына кедергі келтіреді. Шашыңыз бұйра әрі құрғақ болса, бас киімнің астарына жібек матаны қабаттап тігіңіз. Сонда шашыңыздың кутикуласы (сыртқы қабаты) зақымданбайтын болады.

1 пікір

  1. Баймуратова Элзира 21.12.2016 at 23:38

    Еркектерге сенуге болмайлы

Пікір жазыңыз

Ваш e-mail не будет опубликован.

Мына мақалалар да ұнап қалар?