Күйеуіңізден қорлық көрсеңіз

Күйеуіңізден қорлық көрсеңіз Отбасы

Статистика бойынша Қазақстандағы әйелдердің 70 пайызы өмірінде бір рет болса да тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған. Ал республикалық дағдарыс орталықтарының айтуынша, мұндай әйелдердің тек 10 пайызы өз жағдайы туралы айтады екен.

БҰҰ Қорының деректері бойынша Қазақстанда өз отбасында зорлық-зомбылық көріп, қаза болған әйелдердің саны 1 жыл ішінде 500-ге жетеді екен.

Қазақстан 1998 жылы Әйелдерге қатысты барлық дискриминация түрлерін жою туралы конвенцияға қосылған. Осы шараның арқасында «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы» Заң қабылданды. Осы заң бойынша сізді жәбірлеуші өзіңізге де балаларыңызға да 300 метрге жақын келуіне болмайды. Алайда заң заңымен, ал өмірде басқаша болады. Бұрын полиция отбасылық ұрыс-керістерге көп назар аудармайтын. Алайда, қазір учаскелік полиция, патрульдер мұндай қоңырауларға лезде жетіп, бұзақыны құрықтай алады.

Шетелде өз әйеліне, жақындарына күн көрсетпейтін «батырды» тұрғын үйдің оған тиесілі болу-болмауына тәуелсіз, көшіреді екен. Ал біздің заңда ондай тиранның əйелі мен балаларымен бірге тұрмауы тиіс екені айтылған. Тек… Егер бұл тұлғаның басқа баспанасы болған жағдайда.

Кей жағдайларда отбасында зорлық-зомбылық көретін әйелдер «балалар үшін шыдаймын», «бөтен емес өз күйеуім ғой», «барлығы арақтың кесірі, ішуін қойса ұрмайды» деп өзін өзі жұбатып шыдай береді. Алайда, қылмыстық істер ақпарына назар салсаңыз, ең қанқұйлы оқиғалар қарапайым отбасылық жанжалдардан басталады. Әйеліне күн көрсетпейтін тиран балаларына да зорлық жасайтын жағдайлар сирек емес.

Құдай бетін аулақ қылсын, бірақ егер үйде зорлық-зомбылық жағдайлары тұрақты болып тұрса, мына кеңестерге құлақ салыңыз:

  • Телефонды іштен құлыпталатын бөлмеде ұстаңыз, барлық шұғыл номерлерді жаттап алыңыз.
  • Ұялы телефонды өзіңізбен ұстаңыз.
  • Егер жанжал басталса, қайда баратыныңызды алдын ала шешіп қойыңыз.
  • Балаларыңызға, достарыңызға, көрші-қолаң, туыстарға көмек қажет екенін білдіретін құпия сөзді ойлап табыңыз.

Егер жанжал шығып, өміріңізге қауіп төніп тұрса: 

  • Дереу полицияға хабарласыңыз. Полиция телефон номері 102.
  • Үйден шығып кетуге тырысыңыз.
  • Егер үйден шыға алмасаңыз, асүй, гараж сияқты қару ретінде қолданатын заттары көп бөлмелерден алыс болуға тырысыңыз.
  • Шыға алмай қалатын жертөле, қойма, шолан сияқты бөлмелерден де алыс болыңыз.
  •  Достарыңызға, жақындарыңызға қандай да бір әдіспен қауіп төнгенін хабарлаңыз.

Үйден қашарда

  • Балаларыңызға, жаны ашитын жандарға қайда кететініңізді хабарлаңыз. Тек бұл адамдарға сенімді болсаңыз
  • Балаларды алып кетуге мүмкіндік болса, оларды қалдырмаңыз.
  • Қауіп туралы құпия сөзді балаларға айтыңыз. Қашатын кезде бір-біріңізді сөзсіз түсінуіңіз қажет.
  • Үйіңіздің қосымша кілтін сенімді адамдарға беріп қойыңыз. Киім-кешек, қажетті заттарды ала алмаған жағдайда, кейін келіп алуыңызға немесе біреулерді жіберуге болады.
  • Өзіңіздің балалардың құжаттарын, азын-аулақ ақша немесе банк карточкасын алып кетуге тырысыңыз.

Егер баратын сенімді таныстарыңыз, туыстарыңыз болмаса, дағдарыс орталықтарының мекенжайын біліп жүріңіз. Отбасылық зорлы-зомбылық туралы мына телефондарға хабарлай аласыз: 102, 1409, 150. Сізге міндетті түрде көмек береді. Қазақстанның барлық дерлік үлкен қалаларында әйелдерге көмек беретін арнайы дағдарыс орталықтары мен оларға уақытша баспана беретін үйлері болады.

  • «Убежище» Әйелдер мен балаларға арналған бейімдеу орталығы, Алматы, тел. 8 727 257 06 04
  • «Жеті ағаш» қоғамдық қоры, тел. 8 727 305 45 69, 8701323140
  • «Қорғау Астана» жекеншік қоры, Астана, тел. 8 702 892 97 77
  • «Восстановление» әйелдер орталығы, Ақмола облысы, Заречный кенті, тел. 8 775 595 91 51
  • Талдықорған аймақтық әйелдерді демеу қоғамдық қоры, Талдықорған қаласы, тел. 8 72 82 324 661, 8 72 82 32 46 63
  • «Феминисткая лига» қоғамдық қоры, Ақтөбе қаласы, тел.8 71 62 724
  • «Үміт» Дағдарыс орталығы, Атырау қаласы, тел. 8 71 32 24 40 70
  • «Томирис» қоғамдық қоры, Қостанай қаласы, тел. 8 72 22 32 82 82
  • «Қазақстан іскер әйелдер ассоцациясы» қоғамдық қоры, Қостанай қаласы тел. 8 72 22 361 722
  • «Жан» дағдарыс орталығы, Қызылорда қаласы, тел. 8 72 42 271 473
  • «Мейірім» қоғамдық қоры, Ақтау қаласы, тел.8 7292 545 168
  • Әйелдерді қорғау орталығы, Петропавл қаласы, тел. 8 71 52 52 98 86
  • «Сана сезім» әйелдер құқығын қорғау орталығы, Шымкент қаласы, тел. 8 72 52 551 200, 551 300
arular.kz
Rate author
Қыз-келіншектерге арналған ақпараттық-танымдық сайт