Неліктен еркектер көзге шөп салады?

пускать пыль в глаза Отбасы

Бұл еркектердің барлығы көзге шөп салады дегенді білдірмейді. Семен Слепаковтың «все мужчины изменяют» деген әнін естіген боларсыздар. 100 пайыздың 0,1 пайызы ондай емес, әрине. Сондай санаулы еркектер тізіміне кірмейтіндер туралы емес бұл жазба.

Себебі ол – еркек

Еркектер жалпы секске басқаша қарайды. Әйелдер үшін бұл махаббат, сезім, эмоциядан құрылған акт болса, еркектер үшін бұл қарапайым физикалық процес. Бір рет, тіпті бірнеше рет төсектес болған адам олар үшін жақыны болып кетпейді. Осы тұрғыда көңілдес пен әйелдің айырмасын біліп отырыңыз.

Ол әйелдердің аңқау, кешірімді екенін біледі

Әрине, еркектер өз қылмысы ашылмайды деп ойлайды. Тіпті Нұрғайшаны Нурик  деп сақтап, осымен қатырдым деп ойлауы мүмкін. Түнгі сағат он екіге дейін жұмыс жасайтын еңбекқор екеніне сенеді деп те ойлайды. Ол түн жарымда мейрамханадан тойып келіп, сіз жасаған картопты да қарны ашқан кейіппен тауысып қоя алады. Егер әйелі оған маңызды болса, бар әдіс-тәсілімен артын жауып, ұсталмауға тырысады. Ал әйел оған ондай маңызды болмаса, жасыруға да тырыспайды. Ал ұсталса, сіздің бір жылап алып кешіретініңізді де жақсы біледі.

Ол нағыз махаббатын әлі таппады

Күйеуіңіз не жігітіңіз тек ақша үшін суқаны сүймейтін жұмыспен айналысып, «осыдан ақша тауып, аяғыма тұрғанда бәрін тастаймын» дей ме? Оларға кейде өзі қаламайтын дүниемен айналысуға тура келеді. Әйел эмоцияға берілсе, еркектер ондай емес. Міндет пе – жасайды. Қаламаса да. Әйелмен қарым-қатынаста да сондай жағдайлар болады. Ел қатарлы қызға бару керек. Тіпті үйлену де қажеттіліктен туындауы мүмкін. Қазақы менталитетті білесіз ғой. Үй іші үйлен деп, үйлендіреді. Ол қаламауы мүмкін. Бірақ қажет болса, амал бар ма.

Сезім суыды

Үйдегі қарым-қатынас, сезім, ләззат салқындады. Түптеп келгенде, сіз де бұрынғыдай емессіз. Ерке елік дегені бұзауға айналды. Күлімдеген назды қыз, әсем шашты, әдемі көйлекті сұлу шашы май басқан, созылған футболкасын тастамайтын, бірде бұрқылдап, бірде шаршап жүретін әйелге айналды. Сөйлесетін әңгіме ше? Отбасы, туған-туыс, көрші-қолаң өсегі, одан асса дүкендегі сатылымдармен шектеледі. Кешке телефон соғылғанда аруы сағынғанын емес, дүкеннен ала келетін заттар тізімін айтады.

Әрқашан алдануға (алдауға) қарсы емес сылқым табылады

Еркектер әйелдің көзіне шөп салғанда дәл сондай аңқау, періштедей пәк қызбен жүруі сирек. Ол қыздар сезсе де, білмеуге тырысады. Көбісі тіпті сіздің бар екеніңізден хабардар. Онда сіз туралы белгілі бір ойдың қалыптасуы да мүмкін. Сіздің әлсіз тұстарыңызды біліп, сізден артық болып көрінуге бар күшін де салуы ғажап емес. Сондықтан да бұл әділетсіз соғыста оның жеңу ықтималдылығы жоғарырақ.

Стреспен күрес құралы

Иә, еркектердің жұмысы ауыр. Сіздің қара шай мен қара нан  емес, каппучино мен тирамису жеуіңіз үшін көп еңбек етеді. Бастықтың дікіңдеуі, топас клиенттің айқай-шуы, жалқау әріптесінің енжарлығы, қақшаңдаған дедлайн, бітпейтін жұмыс, қала берді бала-шаға, туған-туыстарының проблемасы – осының барлығы ауыр стресске әкеледі. Біреулер стресін басу үшін ішімдік ішеді, біреуі темекі шегеді, достарымен кездеседі. Ал біреулер қызға барады. Қызға барғанда, кейбір еркектерге қарапайым дәстүрлі секс жеткіліксіз болуы мүмкін. Әлде оған күш көрсету элементтері ұнай ма? Сөйлесіп көріңіз, сіз де сексті түрлендіре алатыныңызды ақырындап жеткізіңіз.

Бойында аңшылық инстинкті бар

Кей еркектердің әйелдері идеал болуы мүмкін. Бірақ ол бәрібір көзге шөп салады. Тіпті нақсүйерінің өзіне де. Мұндай мачолардың психологиялық бітімі сондай. Оларды ештеңе өзгертпейді.

 

Қыз-келіншектерге кеңес. Күйеуіңіздің қылмысын білдіңіз. Одан жағдайды мойындап, тәптіштеп бар шындықты ақтаруын сұрамаңыз. Шындық сіз ойлағаннан да ауыр болуы мүмкін. Жалпы, еркектің телефонына, қалтасына, тіпті жеке өміріне (иә, иә, күйеуіңіздің де өз кеңістігі болуы тиіс) қол сұқпаңыз. Еркектің басқаға көз салуына оның ақымақтығы емес, сіз де кінәлісіз. Біріншіден, дұрыс таңдау жасамадыңыз. Одан да студент кезіңізде артыңыздан жүгіріп жүрген Ерболға шығу керек еді. Бірақ сізді жан-тәнімен сүйетін, адал Ербол да көзіңізді ала бере қыздарға көз қысуы мүмкін ғой. Себебі сіз де бұрынғы сұлулығыңыз бен назыңызды сақтай алмадыңыз. Ажарлы, ақылды әйел боламын десеңіз, арулар сайтын үзбей оқыңыз 😉

arular.kz
Rate author
Қыз-келіншектерге арналған ақпараттық-танымдық сайт