Жас көріну құпиясы

Әлеуметтік желілерде кейбір келіншектер бойжеткен қыздардан да жас әрі сұлу көрінеді. Мәселе тек фотошоп не фильтрлерде емес. Келесі кеңестер жасы 35-тен жоғары келіншектерге арналады. 

Шаш

Шашыңыздың түсіне мән беріңіз. Шаш бояйтындардың 70%-ы әдетте өз шашының түсінен ақшыл түсті таңдайды. Бұл еркектердің сары шашты бикештерді ұнатады деген стереотипіне байланысты болуы мүмкін. Алайда, стилистер ақшыл түсті шаш бетіңізді қартайтып көрсетеді дейді. Сондықтан шашыңыз ағара бастаса, бір-екі тон қою түске бояғаныңыз жөн. Егер шашыңызға ақ түспесе, толығымен боямай, шаштың түбі мен ұштарын ғана бояуыңызға болады. Ал тотықұс қауырсындары сияқты нұсқалар, көгілдір, күлгін түсті шаш балалық арман болып қала бергені жөн.

 Қысқа шаш кексе етіп көрсетеді. Әдетте 40 жастан бастап әйелдер шашын қысқартқанды жақсы көреді. Алайда қысқа шаш барлығына жараса бермейді. Егер сіздің бет формаңыз идеал болса, әрине, ешқандай шаш үлгісі ажарыңызды бұза алмайды. Сондықтан шашыңызды құлақтан жоғары шолтитпас бұрын асықпай ойланыңыз.

Буылған, түйілген шаш туралы.  Бетіңіздің контурын ашып, жылмағай етіп тұратын шаш үлгілері теріңіздің проблемаларын айқын көрсетеді. Егер шашыңыз жағыңызды жауып, сәл иегіңізге қарай түсіп тұрса, бірнеше жасқа жасартады. Әрине, қырыққа келіп, жас кезіңіздегідей шашыңызды жая салған жараспас. Бірақ Голди Хоун сияқты ұзын кекіліңізді сәл бұйралап жүрсеңіз образыңызға романтика беріп, жасырақ көрсететіні анық.

Тері

Скраб қолданыңыз. Жарнамадағы қыздардың беті жарқырап тұратыны негізінен осы скрабтардың арқасы. Бетіңіздегі өлі әрі солғын тартқан тері қабатын «сыпырып» тастасаңыз, өңіңіз ашылады. Жас кезінде эпителий айына 2-3 рет өздігінен жиі жаңарады. Жас өте келе бұл процесс баяулай түседі. Оның үстіне, қабыршағынан тазартылған теріге косметика да әдемі түседі. Сонымен бетіңізді аптасына 1-2 рет скрабпен тазартып, маска жасап тұрғайсыз.

Қолыңызды күтуді ұмытпаңыз. Папараццилер мәңгі жас Мадоннаның қолдарын түсіріп алып, «жаға ұстатқаны» есіңізде ме? Қатпар-қатпар әжім болған, тамыры білеуленіп шыққан қолдары шынымен сұмдық. Әдетте әйелдер бетіне қымбат кремдер жағып, қолдарын крем қалдықтарымен үйкей салады. Күнделікті ыдыс жуатын сұйықтық, кір жуатын ұнтақпен жанасатын, күніне 6-7 рет сабынмен жуылатын қол терісіне де ерекше күтім қажет. Айтпақшы, ыдысты резеңке қолғаппен жууды әдетке айналдырсаңыз, жұмсақ алақаныңызды немерелеріңіз де мақтайтын болады.

Тырнағыңызды өсірмеңіз. Жезтырнақ, мыстан кемпірдің басты атрибуты есіңізде ғой? Маникюр мен педикюрды үнемі жасатқан дұрыс, алайда ұзын, акрилді-гельді тырнақ күтінген әйел емес, қартамыс тартқан әйел етіп көрсетеді. Ең тамаша нұсқа – формасы доғалдау, френч маникюр, тырнақ ұзындығы 3 мм аспағаны жөн.

 Макияж

Бастысы – артық кетпеу. Жас ұлғайған сайын бояу да қоюлана түседі деген жаңсақ пікір. Тональды крем ешқашан әжімді жасыра алмайды. Одан гөрі далапты аздап жағып, жеңіл теньмен көзді бояңыз. Егер тоналды креммен қош айтыса алмасаңыз, опадан құтылыңыз. Ұнтақты косметика әжімді бетке біркелкі түспейді. Біраз уақыттан соң әжімдердің қатпарына түсіп, жасыңызды ұстап береді. Сондықтан крем немесе түйіршіктер түріндегі опа-далапты таңдаңыз. Макияж түсін таңдағанда қоңыр түстен аулақ болыңыз. Қоңыр түс ажарыңызды ауырлатады, қартайтады. Ашық, салиқалы түстерді таңдаңыз. Есіңізде болсын, макияж неғұрлым аз болса, сіздің өңіңіз де жасара түседі.

 Дене

Салбыраған теріні емі – спорт. Жарнамаға сенбеңіз, сіз шалқаңыздан түсіп жатқанда денеңіздің целлюлитін жоқ қылатын, артық майды сыпырып тастайтын крем, маска ешқашан болған емес, болмайды да. Жас ұлғайған сайын білек еттері салбырай бастайды. Шолақ жеңді көйлектерді ұзақ уақыт кигіңіз келсе, гантельмен дос болыңыз. 2,5-3 кг гантельды ұстап, қолыңызды тік көтеріңіз, иық деңгейіне дейін түсіріп, жаттығуды 15 рет қайталаңыз. Айтпақшы, орта жаста ішіңіз де, арқаңыз да жаттығуларды қажет етеді. Дұрысы — тренажер залына барып, жақсы инструктордан кеңес алыңыз.

Пікірлер

Пікір жазыңыз

Ваш e-mail не будет опубликован.

Мына мақалалар да ұнап қалар?