Хиллари Клинтон: Мен де бала болғанмын

Мен бірінші ханым, сенатор, демократиялық партияның мүшесі, адвокат не әйелдер мен адам құқығының қорғаушысы болып тумағаным түсінікті. Мен – жиырмасыншы ғасырдың ортасында туған қарапайым америкалықпын. Бұл шақ соғыстан кейінгі нағыз өркендеу заманы еді, яғни мен сәтті кезде, сәтті жерде өмірге келдім десем де болады.  Осылай 1947 жылдың 26 қазанында  Чикагода Дороти және Хью Родхэмнің қарапайым отбасында дүние есігін аштым. Анам үй шаруасындағы әйел болса, әкем шағын кәсіпкерлікпен айналысқан еді. Жанұямызда менен басқа ағам Тони мен інім Хью болды.

Анам кәдімгі классикалық шаруа адамы болды: төсек жинап, ыдыс жуып, тамақ дайындап күйбеңдеп жүретін. Ол бізге көп уақытын бөлетін. Кітап оқып, әлем туралы білімімізді тереңдетуімізді қалады. Апта сайын мені кітапханаға жетектеп апаратын, онда мен балаларға арналған әдебиеттерді ақтарғанды ұнататын едім. Бізге теледидарды көп көруге рұқсат болмады, оның орнына көбінесе «Монополия» сияқты үстел ойындарын ойнайтынбыз. Анам адамдарды, соның ішінде балаларды алалаушылыққа наразы болып жүретін. Кейбіреулердің өз пікірінің дұрыстығына және өзгелерден моральдық басымдығына деген абсолютті сенімін жек көрді: біздің ешкімнен кем де, артық та емеспіз деп айтып отыратын. Анам жариялы түрде болмаса да, іштей демократиялық партияны жақтаған еді. Ал әкем болса нағыз республикалық болды әрі мұнысын мақтан ететін. Әкем ақшаға өте ұқыпты қарады. Несие дегенді мойындамайтын, тек өз күшіңе сену керек деген ұстаныммен жүрді. Қаражатты оңды-солды шашуға тіптен қарсы болатын. Тіс жуатын пастаның қақпағын жабуды үйде біреуіміз ұмытып кетсек, оны терезеден сыртқа лақтыра салатын. Қыстағы күртік қардан, жазғы күні бұталардың арасынан іздеп жүретінбіз. Әлі күнге дейін желінбей қалған зәйтүнді банкасына қайта саламын, ірімшік түйірлерін орап қоямын. Ол балаларына қаталдықта тәрбиеледі, әйткенмен бұл оның бізге деген қамқорлығының белгісі еді.  Мен төртінші сыныпта математикадан апталық бақылау жұмыстарын баяу орындайтын едім, сол кезде әкем ерте тұрғызып, көбейту және бөлу кестесін қайталататын.

Ағам, інім және мен үшеуміз үйде ешқандай мақтау-марапаттау күтпей жұмыс істейтін едік. Он үш жасымда аптасына үш рет саябақта кішкентай балаларды ойнатып, ақша таба бастадым. Бұл үшін ойыншықтарға, басқа құралдарға толы арбамды бірнеше шақырым жерге сүйреп апаруыма тура келетін. Осы кезден бастап жаз сайын және оқу кезінде де жұмыс істеп жүрдім. Әкем сирек кездесетін бірбеткейлердің бірі еді, өзінің дұрыстығына жүз пайыз сенімді болды. Әсіресе коммунистер, алаяқ бизнесмендер мен саясаткерлер туралы даурығып отыратын. Бірақ асүйдегі саясат пен спорт туралы қызу талқылаулар кезінде мен бір шатыр астында әр түрлі пікірлер өмір сүре алатынын түсіндім. Он екі жасымда-ақ көптеген мәселелерге қатысты жеке көзқарасым қалыптасып үлгерді. Адаммен келісе алмасаңыз, бұл оның жаман екенін білдірмейтінін білдім. Сондай-ақ бірнәрсеге сенетін болсаңыз, өз пікіріңізді жақтауыңыз керек екен деп түйдім.

Хиллари Клинтон жастық шағы

Әкем де, анам да бізге кез келген жағдайда қиындықтан қорықпауды үйретті. Олар біздің өзімізді қорғай білуімізді қалады. Біз Парк-Риджге көшіп келгеннен кейін, анам менің сыртқы шыққанымды ұнатпайтынымды байқады. Мен қарсы тұратын қыздың мені итере беретінін айтып, үйге жылап келетінмін. Сюзи О’Саливанның үлкен ағалары болатын және ол бірдеңе болса жұдырығын ала жөнелетін. Ал мен төрт жасар бүлдіршін едім. «Көшеге шық. Егер Сюзи сені ұрса, сен де қарап қалма. Өзіңді қорғай біл, біздің үйде қорқақтарға орын жоқ,» — деп бұйырды анам. Мен бірер минуттан кейін үйге жеңіспен оралдым, ал Сюзимен бүгінге дейін доспыз.

Герлскауттар отрядында мен тәуелсіздік күні шерулеріне, бәліш жәрмеңкелеріне және мақтау қағазы берілетін басқа да іс-шараларға қатыстым. Көршілердің балаларын ойындарға, спорттық шараларға, карнавалдарға қатысуға жинайтынмын. Жанұямызбен спорт фанаты едік, орта сыныптарда қыздарға арналған софтбол жарыстарына қатыстым.

Мен оқығанды ұнататынмын, ұстаздарыммен де жолым болды (мұны кейін түсіндім). Бастауыш сыныпта мені сотқар деп санайтын. Бірақ миссис Краузе сыныптан шығар кезде мені және кейбір басқа қыздарды тәртіпті қадағалауды өтінетін. Есік жабылған сәтте ер балалар тентік жасай бастайтын, дегенмен мен бақылауды уысымнан шығармайтын едім. Осы қабілетім менің мектеп патрулі болып сайлануыма әсерін тигізген болуы мүмкін. Бұл мәртебелі лауазым болатын, мен алғаш рет жеңіске жеткен адамдарға деген айналадағылардың қарым-қатынасы қандай болатынын сезіндім. Бірде құрбымның үйіне тамақтануға кірдім, оның анасы үй жинап жатқан болатын. Өзіміз жаңғақ майы қосылған сендвич жасап жеуімізді сұрады. Ал патрульдік жұмысыма байланысты ертерек кетіп бара жатқанымды естігенде, «О, мұны білгенде дәмді ас пісіріп беретін едім,» — деген еді.

Мен Америка тарихының конформистік кезеңінде өстім, дегенмен үйдегілер мені сырттан келетін қысымға төтеп бере білуге тәрбиеледі. Анам менің құрбыларымның не киетінін, олар мен туралы не басқалар туралы не ойлайтынын естігісі келмейтін. «Сен бірегейсің. Өзің үшін тек өзің ғана ойлауың керек. Кімнің не істеп, не қоятынымен ісім жоқ. Біз басқалар емеспіз. Сен де басқалар емессің,» — дейтін.

Әрине ол кезде мен бала едім, тек жанұя, мектеп және спорт туралы ғана ойлайтынмын. Бастауыш сыныптағы оқуым аяқталып келетін, алдымда бұрынғыдан күрделірек өмір күтіп тұрды.

Пікірлер

Пікір жазыңыз

Ваш e-mail не будет опубликован.

Мына мақалалар да ұнап қалар?