Бізден де өткен жас дәурен…

Әйел ешқашан сұлулығын жоғалтпайды. Жүзін әжім торлаған, самайына ақ түскен әжелеріміздің өңінен де сұлулық табасыз. Бұл сұлулық жанның әсемдігі мен өмірдің пәлсапасынан өрілгендей. Кейде жанына барып, өмірдің мәні, сұлулық құпиясы туралы сұрағым келетін еді осындай асыл аналарымыздан. Бүгін осы әңгіменің сәті түскен сияқты. Бүгінде 82 жасқа жетіп отырған анамыз Гүлсағила Қасымбекқызының естеліктерімен қызы Толқын Гусманова бөліседі.

Ол кезде табиғат та өзгеше еді, жаңбыр да бір түрлі себелеуші еді…

Менің әкем Қасымбек төрт ағайындының кішісі. Ең үлкені әпкем, одан кейін Бұхарбек, Қастарбек, кенжесі Қасымбек. Олар Жарқынбай атам мен Дания әжемнің балалары. Бұхарбек пен Қастарбек байдың қыздарына үйленді. Әпкем кейін Үлгі деген ауылға тұрмысқа шығып кетті. Ал әкем Қасымбекті кедейдің қызына үйлендіріпті. «Заман өзгеріп бара жатыр, енді біз қолымызға жұмсайтын келін алуымыз керек», — деп атам қолында малын бағып жүрген Алдабергеннің он үштегі қызын алып берген екен. Әкем ол кезде он алты жаста болатын. Екі ағама байдың қыздарын, ал маған кедейдің қызын алып бердің деп, әкем келіншегінің қасына бармай қойыпты. Әкем көнбегесін, үш жылдан атам құдасының үйіне барады. Қыздың әке-шешесіне: «Мен берген қалың малымды кері алмаймын. Қыздарыңды қайтадан алып келдік», — дейді.

Сондай жағдайда жүрген әкем он тоғыз жасында алыс бір ағайынның жас әйеліне ғашық болады. Гүлбағила, өзі сондай сұлу келіншек еді. Ал күйеуі болса өзінен біршама жас үлкен болатын. Әкем мен Гүлбағила екеуі көңіл жарастырып, кездесіп тұрады. Бір күні әкем әлгі келіншекті алып қашады. Арада үлкен жанжал болады, бірақ артынан тиылады.

Біздің ауыл Алматы облысында Сарқанд, Лепсі, Матайға көршілес тұр. Ауыл адамдары жаз айларында мал бағуға Қытай шекарасына жақын жердегі жайлауға көшетін. Ал Кеңес үкіметінен қашқан адамдардың бәрі Қытайға асып кететін. Сол кезде Қызай руы түгел Қытайға қоныс аударды. Әкемнің Нұрсапа деген ағайына малын түгел айдап жалшыларымен Қытайға өтіп бара жатқанда солдаттар оларды ұстап Нұрсапаны сол жерде атып тастайды. Көшкен адамдарды кейін қайтарады да малды үкіметке өткізеді. Нұрсапаның артында ұлы мен қызы қалды. Сонда қызы: «Сары орамал қолымда, сарғайдым әке жолыңда, өлеріңді білгенде жүрмес пе едім соңыңда», — деп жылап, қайғырады. Кейін Кеңес үкіметінің жергілікті белсенділері әкемді: «Малдарыңды үкіметке тапсыр.  Мүмкіндігінше алып қал. Бәрібір оны Қытайға өткізе алмайсың. Сен одан да үгітші бол», — деп үгіттейді. Біздің жақта оларды «шолақ белсенді» деп атайды. Сөйтіп әкем солардың қатарына қосылады. Өзінің, ағалары Бұхарбектің және Қастарбектің малдарын үкіметке өткізгенін туысқандарына айтады. Әкем ауыл адамдарын жинап алып, оларға малды мемлекетке өткізуге үгіттейді. Сонда, Мәжім деген ауыл адамы тұрып: «Әй, Қасымбек! Сен не айтып тұрсың. Сенің балаң жоқ, қу бассың. Мен болсам Төкенім мен Қордаханымды қалай бағам, қалай асыраймын», — дейді. Содан қу бас деген сөзді естіген әкем үйіне келеді. Кеште шымылдыққа кірмей үстіне шапанын жамылып, теріс қарап жатып алады. Таңертең әйеліне: «Әй, Гүлбағила! Екеуміздің отасқанымызға он бес жыл болды, бірақ арамызда бала жоқ. Мен сенен кетем», — дейді. Әкем әйелі Гүлбағиламен айырылысқаннан кейін екі жыл үйленбей жүреді. Атақты композитор Мұқан Төлебаевтың нағашысы Керімбек пен оның әйелі Көрімжан: «Жақын ауылдағы Ынтық деген әйел отбасынан айрылып жалғыз қалды. Күйеуі мен төрт баласы ауырып қайтыс болды ғой. Қасымбекті соған үйлендірейік», — дейді. Былай айтқанда әкем Қасымбекті анам Ынтыққа үйлендіреді. Екі жыл бойы анам бала көтере алмайды. Әкем көктем шыққанда ағаларына: «Маған бөлек үй тігіңдер», — дейді. Әйеліне киіз үйге төсек салғызады да, сыртынан құлып салғызады. Мылтығын оқтап, жастығының астына салып, жатып қалады. Таңға таман түс көреді. Ұйқысынан шырт оянып: «Есікті ашыңдар. Мен түс көрдім. Менің сегіз балам болады», — дейді. Сол жерде семіз қойды сойып ақсарбас, яғни садақа береді. Бас пен сирақ, терісіне дейін қалтырмай жұртқа таратып жібереді. Сөйтіп әкем өзгеріс күтіп жүргенде анам: «Отағасы мен шошқаның колбасасын жегім келіп отыр», — дейді. Әкем қуанып кетеді де Сарқандқа барады. Анамның таңсың тағамын сол күні алып келеді.  Апам соны жеп отырып ұйықтап кетеді.

Содан 1938 жылы 2 ақпанда мен, Гүлсағила Қасымбекқызы дүниеге келдім. Сонда әкемнің тілегені мынадай екен: «Ей, Алла тағалла маған ең болмаса бір соқыр қыз беріп, ол бір күн тұрып өліп қалса да, арманым болмас еді», — деген екен. Сол әкем сұраған «соқыр қыз» мен екенмін.

Көне көз дүниенің бәрі мен үшін өте қымбат. Жайлауға шыққанда тігетін алты қанат қазақ үйіміз бар еді. Көшкен кезде оны әкем жинап өгіз арбаға тиейтін. Жүктің үстіне балаларын отырғызып, әкем өгізді жетелеп алға түсетін. Біздің жақта киіз үйді ертеректе солай айтатын. Әкем бұл үй өзінің ата-анасынан қалған көз екенін бізге талай айтатын. Кейін Көкжиденің орталығында қызыл шатырлы ағаш үй салынды. Біздің сол үй қазіргі кезде де бар. Мен сол үйден ұзатылдым.

Суретте Гүлсағила әкесі Қасымбек 

1942 жылдың жазында әкем майданға аттанды. Ол кезде әкем 42 жаста болды, мен 4 жастамын. Әкем мені қолына көтеріп, бетімнен сүйіп жылады. Бәрімізбен қоштасты. Анама: «Екі қызды ауыртпай бақ. Тірі болсам ауылға оралармын. Амандық болса қауышармыз», — деді.

Бізге туысқан апайдың күйеуі Разыбек деген жездем болды. Ол сауда саласында жұмыс істеді. Сол кезде «Рабкоп» десең бәрі түсінеді. Разыбек жезде менің әкемнен жасы кіші болғанмен соғысқа барған жоқ. Оның Садық деген інісі бар. Сол Садықтың аяқ астынан құлағы естімей қалды. Есімін айтсаң естімейді, не сөйлемейді. Бірақ «СШУ» десең жалт қарайды. Жұрттың бәрі Садықты мылқау болып қалды деді. Бір күні Разыбек жездемнің үйінде балалармен ойнап отырғанмын. Біз ойнап отырған бөлмеге Садық кірді. Балалардың бірі онымен аға деп дауыстап амандасып еді, ағай қарамады. Мен ол балаға Садық аға десең естімейді, СШУ десең естиді дедім. Балалар оған «СШУ» деген бойда, ол тез арада сыртқа шығып кетті. 1953 жылы Сталин қайтыс болды. 2-3 айдан кейін «СШУ»-дің тілі шықты. Қазір қарасаң, Кеңес заманында да «бармақ басты, көз қысты» амалдар болған екен деген ой келеді.

Сол 1942 жылдың желтоқсан айында анам әкемнен менің қызымды алып кел, мен оны көргім келеді деген хат алады. Апам дорбаға жент, құрт, ірімшік салады. Ауылдастары өз дәмдерін апам әкеме деп береді. Содан апам чемоданын арқалап Лепсі станциясына мені ертіп барды. Жаңа жыл қарсаңында поездға отырдық. Бір станцияда келесі поездға мінбекші болдық. Перронда қасымызға бір жігіт келіп апама көмектескісі келетінін айтты. Апам мені қолына алды. Ана жігіт ауыр чемоданды көтеріп алға түсті. Апам вагонға мені отырғызып артына бұрылса қасында тұрған жігіт чемоданмен бірге жоқ болып кетіпті. Апам чемоданның қолды болғанын сонда сезеді. Мені қасындағы көршісіне тапсырып кетеді. Өзі әлгі адамды вокзал басынан іздейді. Поезд жүріп кетті. Қасымдағы орыс әйелдің не айтқанын түсібедім. Ол әйел қазақша аздап түсінеді екен. Екеуміз мен түсінбеген кезде ымдасып, әйтеуір әкем қарсылап тұрған станцияға жеттік. Үстіне әскери киім киген әкем мені жылап қарсы алды. Мені бір баракқа алып келді. Кіреберісте үлкен чанда су қайнап жатыр екен. Барактың ішінде екі қабатты жататын орындар тұр. Әкем біраздан кейін мені тамақтандырып отыр еді, біреу сөйледі. Әкем оған жауап бермей тыңдап отыра берді. Мен әкемнен неге ол адамның қасымызға келмейтінін, неге тамақ ішпегенін сұрадым. Сонда әкем: «Қызым ол радио» — деді. Қазір мен саған радионы көрсетейін деп мені жоғарыдағы төсекке отырғызды. Мен радионы көріп «Әке мынау құлақ қой. Ортасындағы қуысқа адамдар қалай сыйып тұр», — дедім. Әкем дауыстың сым арқылы берілетінін түсіндірді. Апам әлі жоқ. Содан мені әкем деревнядағы орыс досының үйіне апарды. Жолда бір үлкен өзеннен көпір арқылы өттік. Ауладағы бір ағашқа неше түрлі ойыншықтар іліп қойыпты. Шыршаның жарқырап, күмістей жылтырап тұрған себебі шәйдің фольгасымен безендірілген екен. Бірінші рет өмірімде елканы сол кезде көрдім. Апам заттарын таба алмай келесі күні басқа поезбен келді. Шүйіркелесіп үш күн әкемізбен бірге болдық. Төртінші күні қоштасып ауылға қайттық.

Әкем соғыстан кейін жылқышы болды. Бір жылы күзде Лепсі өзенінің арғы бетіне көшіп бардық. Әкем жылқылардың артынан кетті де, апам балалармен үйде қалды. Көшіп барғасын мен суық тиіп қатты ауырдым. Апам дене қызуымды маңдайыма салқын суға салған орамал қойып түсіріп отырды. Жағдайымызды білуге Нұрсағила тәтем келген. Ол менің ауырғанымды көріп, әкемнің керегедегі мылтығын алып үндеместен сыртқа шығып кетті. Мылтықтын бірнеше мәрте атылған дыбыстарын естіп, неге атып жатыр деп аң-таң болып жатырмын. Даладан келген Нұрсағила тәтем апамның алдына үш торғайды тастады да, мынадан Гүлсағилаға сорпа жасап бер деп кетті. Апам торғайларды жәркемдеп, тазалап, ошақтағы қазанға салды. Өзім тартқан қара бидай ұнынан кеспе жасады. Тамақ піскен соң, маған торғайдың бір борбайын салып сорпа берді.  Мен қара терге түсіп сорпаны рахаттана іштім. Содан ұйықтап кетіппін, оянсам бөлменің іші толған кісі, бәрінің алдында сорпа құйылған ыдыс. Әлгі сорпаға апам көршілерді де шақырған екен. Сондағы анамның: «Өле жегенше, бөле же», — деген сөзі осы күнге дейін құлағымнан кетпейді. Сол сорпаның көмегі тиді ме, әйтеуір сырқатымнан тез жазылып кеттім.

Апам ауданға сайланған депутат еді. 1943 жылдың бір күнінде Бірінші хатшы кеңсеге апамды шақырады. Күйеуім қайтыс болған екен ғой деп апам жылап-сықтап ауданға барады. Хатшының кабинетіне кіреберісте көздері жаудырап екі бала отыр екен дейді. Бұл балалар мында неге отыр екен деп ойлап ішке кіріп кеттім дейді. Хатшы ағай апамды орнынан тұрып қарсы алыпты. Мән-жайды түсіндіріпті. Батыстан отыз жеті бала аудан орталығы Лепсіге эвакуацияланды. Отыз бесі – орыс, украин, беларус балаларын тұрғындар үйлеріне алып кетті. Қалған екі баланы ешкім алмайды. Себебі олар ұлты немістің балалары деген. Осы балаларды үйіңе ал, керек болса тегін өзгерт деп ағай үгіттеді дейді. Күйеуім сол немістермен соғысып жүр. Ал менің жаудың балаларын асырап алғаным қалай деп апамның жүрегі зірк ете түсіпті. Содан ойланып келуге мұрсат беріңіз деп апам шығып бара жатқан кезде балаларға көзім түсіп кетті деді. Қараса екі бала оған жәудіреп қарап отыр екен. Апам сол жерден кері бұрылып бастыққа балаларды алуға келсімін беріпті. Үлкен баланың есімі – Костя, кішісі – Витя екен. Фамилиялары – Бенгс. Костя менен үш-төрт жас үлкен. Витяның жасы менімен шамалас. Сіңлім Күләш небәрі үш жаста.

Бір күні Костя бізді балық аулауға апарды. Костяның қолынан бәрі келеді. иілген талға жіп, қалытқы байлады. Сымнан иіп қармақ жасады. Екеуміз  Лепсі өзенінің жағасына отырып суға қармақ лақтырдық. Біраздан кейін  менің қармағыма кішігірім ақ шабақ түсті. Костя оны тазалап аршыды. Алдын ала жаққан жерошаққа әлгі балықты тұздап салды. Тағыда балық ұстармыз деп екеуміз қалытқыларымызға қарап отырмыз. Витя мен Күләш жағада ойнап жүрген болатын. Бір мезетте Күләштің оқыс даусы шықты. Қарасам Күләш пен Витя алысып жатыр екен. Піскен балықты жеуге екеуі мықты таласып қалыпты. Жеңіліп бара жатқан Күләш Витяға: «Флиц, флиц», — деді. Витя жылап қалды. Артынша ол үйге қарай тұра жүгірді. Үшеуміз Витяның соңынан еріп үйге келдік. Кешке жұмыстан келген апам Витяның қайда екенін сұрады. Костя Витяның жылап қалғанын ештеңе деп айтқан жоқ. Ал мен Витяның үйде отырғанын айттым.  Апам жылап отырған Витяны көтеріп далаға шықты. Апам шек-сілегі қата күліп жүріп беті күйеден айғыз болған Витяны жуындырды. Бізге екінші мәрте ондай сөз айтуға тиым салды. 1944 жылы жаз айында әкем майданнан оралды. Ауыл болып жолға шығып қарсы алдық. Әкем Костя мен Витяны көріп апама балаларымды көбейтіп қойыпсың ғой деп күлді. Оқу жасына жеткесін Костя мен Витя сабаққа қазақ мектебіне барды. Үйде әкеме шаруаға қолғабыс берді. Ер жеткен соң семья құрып бөлек шықты. Әкем екеуінің де үйлену тойларын Лепсіде жасап берді. Костяның еншісіне бұзау берді. Ал Витяға қой берді.

Есімде, 1944 жылдың 1 сәуірі күні Бұхарбек атамның бәйбішесі Дыбыс апам ауырды. Кәдімгідей ыңқылдап, қиналып жатып қалды. «Алла, Бибатима анам қолдай көр», — деп жиі қайталай береді. Апам бір уақытта: «Аллам, жеңешемді алғанша мені ал, қайнағамды жалғыз қалдырма», — деп жылады. Ол кезде мен небәрі алты жаста едім. Жүрегім дір ете түсті. Менің анам неге өлуге тиісті, аурып жатқан Дыбыс апам емес пе деген ой келді. Сол оймен: «Дыбыс апам да, менің апам да өлмейді, бәрі жақсы болады», — деп жылап жібердім. Әйелдер апама ұрысты: «Күйеуің болса соғыста, үш балаңды кімге тастайсың», — деп. Үлкендер мені басқа бөлмеге алып кетті. Бір кезде іштегі әйелдердің даладағы кісілерге: «Сүйінші, дүниеге қыз келді», — деп қуанып жатқанын естідім. Сонда мен бөпені дүниге әкелетін ана екенін түсіндім. Содан есімді тез жиып алдым. Сол қызға Күлдірайхан деген есім берілді. Күлдірайханның өзі де көп балалы ана болды.

 

Соғыстан кейін мектепке бардым. Ата-анам 7 жасыңда мектепке 1-класқа барасың  деген. Мектепке барамын, оқушы боламын деп қуанып жүрдім. Бұл 1945 жылдың жазы еді. Бір күні Апам қолыма ақша беріп дүкеннен кәмпит алып келуге жұмсады. Дүкенге жақындап қалғанымда 2-3 бала ойнап жүрген қасында, қайдан шыққаны белгісіз Дияр мұғалім келе қалды қастарына. Оны ауылдың адамдары тасбақанаың етін жиді дейтін. Содан Диярдан балалардың бәрі қорқатын. Бір мезетте ол балалардың бірін ұстап алды да, құлағынан тартып  жекіріп ұрысты. Әлгі бала жерге тиер-тимес болып аяғының ұшымен тұрып тұр. Мен қатты қорқып кетіп, бақырып жылап үйге қаштым. Сөйтсе ол сабақта тыныш отырмай, мұғалімнің ескертуін тыңдамапты. Сабақтан соң мұғалім оны тәрбиелеп жатыр екен. Содан мұғалім құлағымды бұрайды деп, мектепке бармай жүрдім. Қазір ойласам, сол қиын заманда тасбақаның етін неге жемеске, шөп қоректі жорғалаушы ғой деп ойлаймын. Жылды артқа салып тоғызға толғанда-ақ бірінші класқа бардым.

Ол кезде оқулық жетіспейтін, әрбір сыныпқа әр пәннен бір оқулық берілді. Кейде ол да болмай қалады. Балалардың жазатын дәптері де жоқ. 4 сыныпта оқып жүрген кезім.  Жездем Хамидолла Сейтбатқалов бір күні маған сыныптағы балаларды ілестіріп кеңсе кел деді. Жездем сол уақытта ауыл советінде жұмыс істеді. Бізге жылдық жазылыммен жиналған газеттерді берді де осыдан дәптер жасап алыңдар деді. Қалай жасайтынын көрсетті. Біз жасқанып: «Сізге біреу-міреу ұрыспай ма? Жұмысқа керек болмай ма?», — деп  айтқанбыз. Ол кісі: «Жоқ, ұрыспайды. Газеттің сөзі мыңжылдық, өзі біркүндік. Соны естеріңе сақтаңдар», — деді.

1953 жыл да жылжып жетті. Бір күні радиодан Сталин өлді деген хабарды естідік. Ол еліміз үшін қатты қайғы болды. Кейбір адамдардың еңсесі түсіп кеткен. Сыртта радио саңқылдап сөйлеп тұр. Ұмытпасам Сыртқы істер министрі сол уақытта Молотов. Радиодан Молотов солқылдап жылап тұрып Сталинді мақтап жатыр. Мектепке барсам бір класс жоғары оқитын Олжай деген өте сұлу қыз болатын, сол қыз біреуден естіп айтты ма, жоқ па білмедім: «енді соғыс басталады», — деді. Үйге келсем апам мен Күләш сіңлім үрейленіп отыр екен. «Апа, Сталин өліп қалыпты», — дедім. Апам мен Күләш: «Айқайлама, өтірік болып шатылып кетерміз», — деді. Апамның олай дейтін себебі балалар үшін ата-ана жауап береді дейтін сол заманда. Қазірде солай ғой. Қуанышқа орай елімізде тыныштық. Тәубе, Аллаға шүкір.

7 класта оқып жүрген кезім. Сол жылы қыс қатты болды ма, жылқыға қасқыр шауып, әкем бір құлынды қасқырға алдырып алыпты. Әкем содан социалистік меншікті жоғалтқаны үшін сотталып кетті. Бірақ Сталин өлгеннен кейін заманның жұмсара бастаған кезі болатын. Бала болсам да ойдан ой шығып мемлекет басшысы Маленьковқа хат жаздым. Анам мен 8 баласы туралы, істі болған әкем туралы хатты қазақша жаздым. Әкемді босатуыңызды сұраймын деп, үшбұрыштап Москва, Кремль, Маленьковқа дедім. Бір ай уақыт өткесін әкем үйге келіп тұр. Содан әкемді колхоз қайтадан жылқы бағуға қойды.

Лепсіде үлкен базар бар. 8-9 кластардан кейін каникулда әкем мені сол базарға қымыз сатуға отырғызды. Базарда менің кішкентай ғана орным бар. Колхоздың биелерін әкем мен анам сауады. Күнде 38 литрлік флягамен қымыз әкеліп береді. Оны тостағандарға құйып сатамын. Бір күні Көкжидедегі мектептің  директоры Тұрсын апай келді. Өзі сондай тамаша адам болатын. Қымызын ішті де ақшасын төлеп кетіп қалды. Осы күні ойлаймын, ақша алғаным дұрыс болды ма, алмай-ақ қойсам не болар еді деп?

1956 жылы мен 9 класта оқып жүрдім. Сол кезде саржадан шалбар мода болды. Апам орталықтан 4 метр қара мата сатып алып, маған шалбар тігіп берді. Күн жылыда 14 километр жердегі мектепке жаяу барамын. Содан әкем екеуміз дүкенге барып 63 сомға велосипед сатып алдық. Сенбі күні мектепте дене шынықтыру сабағы болады. Формамды сөмкеге салып, мода шалбарымды киіп мектепке велосипедпен кеттім. Әкем маған: «Қызым, шалбардың балағын орап ал, шынжырға түсіп кетіп жүрмесін. Түссе, велосипедттен таяқ жейсің»,- деді. Әкемнің айтқан кеңесін орындап мектепке аттандым. Айтқанды шала-шарпы істедім бе білмеймін, бір кезде құлап бара жатқанымды білем. есімді жисам жерде жатыр екенмін, шекем торсиып ісіп кеткен. Сөйтіп велосипедтен әкем айтқан таяқты жедім. Тағы бірде дене шынықтыру сабағында Базарбай мұғалім бізді сапқа тұрғызды. Бойым кіші болғандықтан саптың артында екінші қатарға тұрдым. Сырт жағымыздан Қасымжан атай қойларын айдап бара жатқан. Алдында мүйізі қарағайдай теке бастап келе жатты. Әлгі текенің мүйізінен ұстап үстіне мініп алдым. Теке секіріп-секіріп мені лақтырып кетті. Құмға бұрқ ете түстім де, атып тұрып үстімді қағып жатсам класс жетекшім көріп қойыпты. Содан келесі жылы басқа мектепке барғанда «ұшқалақ» деген мінездемемен барған едім.

Мектеп бітірген соң бірінші жылы жоғары оқу орнынан түсе алмай қалдым. Қаладағы туыс ағай мені босқа уақыт жоғалтпасын деп бухгалтерлік мектепке алып барды. Бітіргесін ауылда есепші болып жұмыс істеп жүрдім.  Түскі ас уақыты кезінде үйге барайын деп сыртқа шықсам есік алдында шөп тиелген жүк машинасы тұр. Машинаның қасына барсам кілті тұр екен, маңайда ешкім көрінбейді. Машиноведение сабағының мұғалімі Василий Тихоновичтің үйреткені бар, рульге отырдым да жүргізіп кеттім. Бір кезде айнаға қарасам оның жүргізушісі Айтқали артымнан жүгіріп келеді екен. Біздің үй контордан алыс еді.  Не болса ол болсын деп үйге келіп бірақ тоқтадым.  Біраздан кейін ентігіп Айтқали жетті. Ұл болсаң кәдімгідей таяқ жерсің дегенмен, ол апамның тамағын ішіп көңілденгесін жұмысқа бірге келдік.

1959 жылы Алматыға оқуға қайтадан бардым. Қыздар педагогика институтының география факультетінің студенті атандым. Каникулда ауылға келсем үйдің жанында бірі шағын үй тұр. Әкемнен ол үйді салудың себебін сұрадым.  Сонда әкем оның үй емес монша екенін айтты. Моншаның денсаулығына пайдасын айтып әкем қуанышын жасырмады.  Костя мен Витя демалыс күндері келіп орыстың қара моншасын салып беріпті. Ауылдағы құрдастары Костя мен Витяға әкең моншаға аппақ болып кіреді де қап-қара болып шығады деп әзілдейтін көрінеді. Келесі жылы келсем, моншаның пешін жөндеп кетіпті. Жыл сайын екеуі күн жылыда үйдің сыртын майлап беріп жүрді. Күйеуім екеуміз ауылға қыдырып келгенде Костя мен Витя қонаққа шақыратын. Әкем берген қозыдан өскен төл деп қой сойып, ас асатын. «Қайта өрлеу» заманында Костя Германияға көшті. Витя Лепсіде тұрғанда ауырып қайтыс болды. Костя Витяның зиратына келіп тұрады. Келген кезде құрдастарына және Көкжидедегі туыстарыма сыйлық жасап жүрді. Костя өзі тұратын Белефильд қаласына қонаққа шақыратын. Мен болсам бірнеше мың шақырым қашықтықта Орал қаласында тұрамын. 1990 жылдардың аяғында Костяға телефон шалдым. Телефонды Костяның әйелі Катя алды. Біраз сөйлестік. Уақыт айырмашылығы бар және шетелмен байланыс қымбат екен. Телефонға салған екі мың теңге екі минуттан артылмады.

1962 жылы 2-курстың басында бізді ауылшаруашылығы жұмыстарына Қостанай облысына жіберді. Жастық шақ қой, күндіз жұмыстамыз, кешінде клубқа биге барамыз. Клубта танысқан ауылдың қыздары менің көйлегіме қызықты. Мен оларға өзім тіккенімді айтып едім, содан құрбыларым, олардың құрбылары мен апалары маған да көйлек тігіп берші деп өтінді.  Әкелген тігін машинасы мен маталарына қалаулары бойынша көйлек, юбка тіктім. Тапсырыс бергендер көйлек үшін 5 сом, юбка үшін 3 сом ақша берді. Бірде ауылдың дүкеніне барғанда бағасы 35 сом тұратын Чехияның қысқы етігін көріп қатты ұнатып қалдым. Оны қымбат болғасын ешкім алмайтын. Ақшам 35 сомға толды деген кезде дүкенге барып әлгі етікті сатып алдым. Ұнатқаным соншалық, арасында бөлмеде аяғыма киіп қарап қоямын.

1964 жылы 4-курстан кейін Орал облысының жігітіне тұрмысқа шықтым. Жолдасым он екі жыл совхозда бас агроном болды. Совхоз қаладан шалғай, өрісі кең жерде болған соң мал ұстадық. 1978 жылы ол кісі қалаға жақын орналасқан совхозға элеватор директорының орынбасары болып ауысты. Ауылдан 20 қой, 5 сиырмен  көшіп келгенбіз. Бай көшіп келді деп күндегендер болды. Ірі-қара малды сойылған күйде базарға шығарып, қойдың бәрін тірілей салмақта сатып, ақшасын балалардың болашағы және машинаға деп кассаға салдық. Ол ауылдың тұрғындары өзен жағасында тұрған соң бақша салады екен, бізде қалыспадық қарбыз егіп. Малға түсірген шөбіміз қалып қойған. Күзде бақшадан алған қарбызды соның арасына жаптық. Сол қарбызды ақпанға дейін өзіміз жедік, қонаққа қойдық. Қыста шақырған қонақтарымыз қарбыз жеу үшін қалмай келетін.

Содан 1980 жылы қалаға көшкенге дейін тауық-қаз ұстап, бақша ектік. Қалаға көшкен соң, жұмыстан үйге жеткенше біраз уақытың кетеді ғой. Есік алдындағы гүлзардан басқа бірдеңе өсіруге рұқсат пен арнайы орын жоқ. Содан бір күні жұмыс бойынша пионерлер сарайына бардым. Барсам, үйірмеге фотограф керек деген хабарландыру тұр. Мен фото шығаруда тәжірибем болмағанмен көріп жүрген нәрсем ғой. Сол бойда пионерлер сарайының директорына өтініш жазып тастап кеттім. Сөйтіп фотограф болып шыға келдім. Себебі ұлым Мәулен фото шығарумен айналысатын. Өзінде фотоқұралдың бәрі бар. Басында ұлым бәрін көрсетті, кейін келесі сабақтың тақырыбын маған пысықтауға көмектесіп жүрді. Соңынан өзім оқушылармен бірігіп фотомонтаж жасауды меңгердім. Сөйтіп айына 49 сом жалақы алып, отбасы бюджетін толықтырып отырдым.

Ол кезде адамдардың бәрі сберкассада ақша жинайтын. Бір сомның құны АҚШ-тың 1 долларымен шамалас болатын. Инфляцияның не екенімен хабары болмайтын. Бірақ тұрмыстық электротехника мен машина дефицит болатын және оған халық жылдап кезекке тұратын. 1983 жылы машина алғымыз келіп автодүкенге барсақ жаңа сегіз көлік тұр екен. Көп балалы ана ретінде машина алу мәселесімен облыстық бірінші секретарының қабылдауында болдым. Ол жерде машинаның бірінші кезекте малшыларға сатылатынын ескертті. Көңілім пәс болып, үйге келе жатып нан-сүтпен бірге жергілікті газетті ала салдым. Келгесін оқысам, облыстағы кемшіліктермен қатар бағаның күрт қымбаттауына байланысты ауылдан келген малшылар машинаға ақшалары жетпей кері кеткені туралы сын айтылыпты. Газетті алып облисполкомге бардым. Бара жатырып автодүкенге тағыда кіріп шықтым. Әлгі сегіз көліктің екеуі жоқ. Осы білгенімді айтып едім, бастық секретарын шақырып екі машинаның қайда кеткенін сұрады, ол үндемей төмен қарады. Бастық маған бұрылып: «Ертең документтеріңізбен дүкенге барыңыз», — деді. Сөйтіп аяқ астынан біз жаңа көлікті болдық, «Москвич-412» машинасын сатып алдық. Бұл да өмір сүрудің түрлі амалдарының бірі деп ойлаймын.

Қаладан 15 шақырым жерде саяжайымыз бар. Күйеуімнің мамандығы агроном болғасын неше түрлі жеміс ағаштарын отырғызды. Жазда апта сайын семьямызбен келіп сонда өткіземіз. 1984 жылы шие ағаштары жақсы жеміс берді. Демалыста 43 шелек шие тердік. Енді оны не істеу керектігі ойландырды. Сол жылы базарда не көп шие көп және әрі бағасы арзан болды. Әйелдердің қай уақытта да әрнәрсеге құлақ түріп жүретіні белгілі. Көрші Ресейде сауданың жақсы жүретінін естіген едім. Сонымен таңғы сағат 5-те тұрып Ресейдің көрші Бұзылық қаласына машинамен бардық. Шиені түскі 12-ге дейін базарға өткізіп ақшалы болдық. Шығарда майонез заводы бар деп естігенбіз. Ол кезде майонез деффицит болатын. Іздеп тауып алсақ, банка алып келсеңдер сатамыз дейді. Содан қаладағы асханалардан банка жинадық. Алған жәшік-жәшік майонезді өзіміздің қалаға әкеліп саттық. Не істесекте, бір-бірімізді тыңдап, осы қарқынмен өмір сүре бастадық. Кейін 90-жылдарғы инфляция кезінде зейнетке шыққасында жақсы өмір сүру үшін Алматының барахолкасынан товар әкеліп, қаланың киім-кешек базарына тұрып саттық. 75 жасқа дейін үйде отырып қалмай өзіміздің шаруамызды өзіміз тындырып жүрдік. Бүгінде отағасы қайтыс болып кетті. Қазіргі белсенділігім естелік жазу болды.  Жас буынға «үш ұрпақтың жүз жылдық ғұмырын» жазбаша қалдырып кету парызым деп санаймын.

Суретте: қайын сіңілісі Қабиба,Гүлсағила әжеміз, келіні Ұлжан, сіңлісі Кенжетай

Материал авторы: Толқын Гусманова

Comments

Leave a comment

Your email address will not be published. Required fields are marked *

Мына мақалалар да ұнап қалар?