Баланы таңертең қалай ояту керек?

Баланы таңертең қалай ояту керек? Отбасы

Жазғы демалыс аяқталды. Алайда таңертең ерте тұру ата-анаға да, балаларға да оңай емес. Әсіресе балалары балабақшаға, мектепке алғаш баратындар үшін ауыр сын. Әлеуметтік сауалнамаға сүйенсек, балалардың мектепке барғысы келмеуінің басты себебі  таңертең ерте ояна алмауына байланысты екен.  Келесі ережелерге назар аударсаңыз, баланың ерте оянуы үйреншікті, бастысы көңілді дағдыға айналады.

1-кеңес. Арбаның алдыңғы доңғалағы

Бала ата-анасының іс-әрекетін қайталайды. Олар үшін сіздің айтқаныңыз – заң, ісіңіз – өнеге. Ал заң шығарушы орган ұйықтап жатса, атқарушы органға амал бар ма? Ата-анасы ұйықтап жатса, балаға дүние де мүлгіп тұрғандай көрінеді. Сондықтан ең алдымен өзіңізден бастаңыз.

2-кеңес. Кешкі дайындық

Балаға өз уақытын жоспарлауды үйретіңіз. Тек ауызша ғана айту емес, іс жүзінде де дайындалуы тиіс. Жатар алдында ертең киетін киімді, оқулық-дәптерлерін сөмкесіне салу, алатын заттарын дайындау әдетке айналсын.

3-кеңес. Өз ритуалдарыңызды қалыптастырыңыз.

Күнделікті бір уақытта, бір сарында бір істі қайталаған жөн: оянды, жуынды, жаттығу жасады, таңғы ас ішті және т.б. Тізбек үзілмеуі тиіс. Әрине, диктатураға ұқсауы мүмкін, бірақ бала осылай өзін өзі тәртіпке келтіруді, жұмысын ұйымдастыруды үйренеді. Жиналысқа кешігіп, жолай киініп, өмірі асығып-үсігіп жүретін әріптесіңіз бар ғой? Балаңыз ержеткенде сондай болмасын десеңіз, қазірден бастаңыз.

4-кеңес. Күн қайырлы болуы үшін таң көңілді басталсын

Балаңызбен ойын ойластырыңыз. Мүмкін оны сүйікті ойыншығы, бет орамалы не киетін киімі  оятар. Ояту процессін сахналық қойылымға айналдыруға болады. Мысалы, бас уәзірі «Трансформер» оның түнде көрген түсін жорып беруге дайын екенін айтыңыз. Бастысы қойылымдар бір сарынды болмауы тиіс.

5-кеңес. Өз бетімен оянуға мүмкіндік беріңіз.

Бала «тұра ғой, кешігіп қаласың» деп жұлқылағаннан емес, өзі оянғаны жөн. Бәлкім сағатындағы немесе телефондағы оятқыш қоңырауынан оянар, әлде сіздің асүйдегі қуырылған бәліш немесе кофе иісінен оянар. Айтпақшы, дүкеннің тәтті бәліш, печенье, шоколадты кекстерін микротолқынды пешке салып қыздырғанда тамаша иіс шығады. Мамалары  дайындаған бауырсақ, тоқаштарының хош иісінен оянғандар біледі, қайырлы таң дәл осылай атады.

arular.kz
Rate author
Қыз-келіншектерге арналған ақпараттық-танымдық сайт