Сіз елемейтін, бірақ балаңызға қажет 7 этикет ережесі

Біздің баламызға гаджетті, жаңа техниканы үйретудің қажеті жоқ, өздері біліп туады деп мақтанамыз. Этикетті ше? Сенімдісіз бе?

Сәлемдесе біле ме?

Таныстарыңызды, әріптестеріңізді, жора-жолдастарыңызды балаңызбен бірге кездестіріп қалсаңыз «Амандас», «сәлем бер»  деп түртпектейсіз бе? Әлде балаңыз көрген бетте өзі қол алысып, хал сұраса ма? «Қайырлы таң!», «Қайырлы күн», «Сау болыңыз!», «Көріскенше!» тағы да басқа сөздерді үйретіңіз. Мульфильмдер мен сериалдар кейіпкерлері мұны айтпауы да мүмкін.

Ілтипат білдіре, қабылдай ала ма?

Әдемі көйлегімізге, ажарлы өңімізге байланысты комплиментке майысып «рақмет» айтуды біз әрине білеміз. Ал құрбы-құрдастарыңыздың балаларына мейірленіп, ілтипат білдірсеңіз әдетте не деп жауап қатады? Біз үшін қалыпты, қарапайым жағдай болса да, кішкентай бала сөз таба алмай, төмен қарап қалуы мүмкін. Рақмет айтуды, ілтипатын жеткізуді үйретіңіз.

Әңгімені жалғастыра ала ма?

Кей балалар ересектермен әңгімелесуге құмар, ал кейбір балалар «Қалың қалай?» сұрағына «жақсы» деп жауап берумен әңгімесін шектейді. Балаларыңызбен жиі сөйлесіңіз, рөл ойнап, үлкендерше сұхбат құрыңыз.

Кезек күте біле ме?

Сіз кезек күтіп тұрсаңыз киіп-жарып, алға жетіп баратын балаларды жиі көресіз ғой? Ата-аналары да сондай шығар деп ойлайсыз. Бірақ, әдетте ондай балалардың ата-анасы сызылған, биязы болуы да сирек емес. Балаңызға кезек күтуді, қоғамдық көлікте үлкенге орын беруді үйретіңіз. Кезекте тұрғанда қандай кісілерді кезексіз өткізуге болатынын айтыңыз.

Телефонға қалай жауап береді?

Балалар сіздің телефоныңыздың құлағында ойнайды. Сіз білмейтін функцияларын біледі, блоктан шығара алады, камерамен түсіре алады, тіпті әлеуметтік желіге де кіре алады. Ал телефон арқылы хабарласқанда сыпайы жауап қайыра ала ма? «Сәлеметсіз бе, менің есімім Пәленше», «Қазір, күте тұрыңыз, анам қазір жауап береді» дей ме әлде «А?! Кім бұл?!» деп жауап бере ме?

Рақмет айта біле ме?

Қатарлас екі бала бір-бірінің ойыншығын қалай алады? «Сиқырлы сөз» қасиеті жоғалған жоқ. «Өтінемін», «Рақмет», «Оқасы жоқ», «Мархабат» сөздері қандай жағдайда айтылатынын үйретіп, өзіңіз де жиі қолданыңыз. Сыйлық алған баланы ата-анасының «рақмет» айт деп жұрттың көзінше түртпектеуі балаға да, ата-анасына да абырой емес.

Дастархан басында отыра ала ма?

Өз асүйіңізде, мейрамханада, қонақта болсын, дастархан басында отыру этикеті бар. Қасық ұстау, ас ішу, құралдарды қолдана білу, дастарқан басында өзін ұстауды балабақшада да, мектепте де, институтта да үйретпейді. Оны үйрету, әрине, сіздің міндетіңіз.

Егер бұл қарапайым этикет ережелерін балаңыз білсе, құттықтаймыз! Сіз тәрбиелі баланың ата-анасысыз!

1 пікір

  1. Gauhar 17.10.2016 at 22:36

    жақсы мақала екен

Пікір жазыңыз

Ваш e-mail не будет опубликован.

Мына мақалалар да ұнап қалар?